Қазақстанның қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақты - М. Әбілқасымова

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың ағымдағы жылғы 13 наурызда жедел штабтың отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде, төтенше жағдай режимінің әсерін жұмсарту үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп қаржы жүйесінің тұрақтылығын және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдады. Бұл туралы бүгін Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ҚР Үкіметінің отырысында «Төтенше жағдайдың енгізілуіне және әлемдік қаржы нарықтарындағы ахуалдың өзгеруіне байланысты макропруденциялық реттеудің уақытша шаралары туралы» баяндамамен сөз сөйлеген кезде хабарлады.
Бірінші шара қаржы жүйесінің тұрақтылығына бағытталған. «Қазіргі уақытта Қазақстан қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақты. Шоғырландырылған негізде екінші деңгейдегі банктердің үздіксіз қызметті қамтамасыз ету және банктік қызметтердің толық тізбесін көрсету үшін меншікті капиталы мен өтімділігінің едәуір қоры бар. Банктердің салымшылары үшін тәуекелдер жоқ. Активтер сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша реттеушілік минимумға қатысты k1 капиталы жеткіліктілігінің асып кетуі түзетулерді ескере отырып 70%-ды құрайды. Агенттік банктердің тауар және қаржы нарықтарындағы әлеуетті күйзелістерге орнықтылығын анықтау үшін жүйелік деңгейде және банктер бойынша жеке алғанда банк жүйесін стресс-тестілеу жұмысын жүргізуде», - деп хабарлады қаржы реттеушісінің басшысы.
Ағымдағы жылғы 30 наурызға дейін активтердің сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша банктердің түзету іс-қимыл жоспарлары қабылданады. Бұл ретте, өзгерген экономикалық жағдайларды назарға ала отырып, 2020 жылғы 1 қазанға дейін провизияларды есептеу тәсілдерін қатаңдататын бірқатар реттеушілік шараларды енгізу кейінге қалдырылады, - деп атап өтті М. Әбілқасымова.
2020 жылғы 1 сәуір – 1 қазан аралығында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан бизнесін кредиттеу деңгейін төмендетуге жол бермеу бойынша шаралар қабылдайды
«Ағымдағы жылғы 1 сәуір – 1 қазан аралығында Қазақстан бизнесін кредиттеу деңгейін төмендетуді болдырмауға бағытталған пруденциялық реттеудің уақытша шаралары қабылданатын болады. Бұл реттеу шараларының контрциклдық сипаты бар және олар банктердің капиталы мен өтімділігіне қысымды төмендетуге бағытталған», - деп атап өтті Агенттік басшысы.
Сонымен қатар ол экономиканы кредиттеуді ынталандыру үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген қарыздар бойынша 50%-ға дейін, шетел валютасындағы қарыздар бойынша 100%-ға дейін, синдикатталған қарыздар бойынша 50%-ға дейін меншікті капитал жеткіліктілігін есептеген кезде тәуекел-саралау коэффициенттері төмендетілетінін айтып берді.
Жеткілікті кепілмен қамтамасыз етуі жоқ жаңа қарыз алушыларды кредиттеу бойынша мүмкіндіктерді кеңейту үшін сақтандыру ұйымында A.M. Best рейтингтік агенттігінен «BB+»-тан төмен емес рейтингтік баға болған кезде сақтандыру шарттары, сондай-ақ синдикатталған кредиттеу шарттары және «take or pay» құқығын көздейтін МЖӘ жобалары тұрақты кепіл ретінде танылатын болады.
Өтімді қамтамасыз ету ретінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» ҰБХ-дан кепілдіктер танылады, бұл бір қарыз алушыға капитал жеткіліктілігі мен тәуекелді есептеген кезде кредиттік тәуекелдің шамасын азайтады.
Провизияларды қалыптастыруға жүктемені төмендету үшін төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қарыз бойынша төлемді кейінге шегеру қарыздардың құнсыздануын растау болып табылмайды.
Экономикаға жаңа қарыздар беру үшін өтімділіктің қосымша қорын құру мақсатында өтімділікке қысымды төмендету бойынша реттеушілік шаралар, оның ішінде өтімділігі жоғары активтердің тізбесін кеңейту қабылданады.
Валюта нарығына қысымды төмендету үшін ұзақ валюталық позиция және жиынтық валюталық нетто-позиция лимиттері төмендетіледі. Бұл нормаларды қолдану экономиканы кредиттеу үшін 168 млрд теңге мөлшерінде меншікті капиталды қосымша босатуға мүмкіндік береді.
«Тиісті талаптар ағымдағы жылғы 30 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Қорландырудың тұрақты базасын қамтамасыз ету үшін 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Агенттік банктерге халықтың теңгемен депозиттері және қолданыстағы жинақ депозиттері бойынша ставкаларды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры барынша ұсынған ставкалардың өзгерістеріне қарай арттыруды ұсынады» - деді М. Әбілқасымова.
Қазақстанда жеке тұлғалардың тұтынушылық қарыздары бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салуды енгізеді - М. Әбілқасымова
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Үкіметтің а.ж. 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген, кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің шамадан тыс өсуіне жол бермеу бойынша тапсырмасын іске асыру шеңберінде, мыналар көзделеді.
«Төтенше жағдай кезеңінде және бұдан әрі заңнамалық деңгейде жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салу енгізіледі.
Жеке тұлғалардың кредиттік тарихын қалпына келтіру үшін, 50%-дан астам мерзімі өткен берешекті 12 айда өтеген және міндеттемелерді кейіннен орындаған жағдайда қарыз алушы үшін жағымсыз кредиттік тарихты түзету бойынша мүмкіндік көзделеді» - деп хабарлады М. Әбілқасымова.
Қаржы реттеушісінің басшысы коронавирусқа байланысты халық пен бизнеске борыштық жүктеменің өсуін азайту шаралары туралы айтып берді.
2020 жылғы 16 наурыз – 15 сәуір аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және экономиканың жекелеген салаларына қатысты шектеу шараларының қолданылуына байланысты халық пен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу жөнінде қосымша шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы бүгін Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасаған кезде хабарлады.
«Агенттік Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен, екінші деңгейдегі банктермен және кредит нарығының басқа да субъектілерімен бірлесіп мынадай шараларды келісті. Төтенше жағдай режимін енгізу дүлей күш мән-жайларына жатады. Осыған байланысты, жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемдер мерзімінің өтуі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты туындаған кезде айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмеуге тиіс. Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға банктер ғана емес, ломбардтарды және кредиттік серіктестіктерді, сондай-ақ қарыз беретін барлық кредиторларды қоса алғанда, барлық микроқаржы ұйымдары берген қарыздарға қолданылатын болады», - деп хабарлады М. Әбілқасымова.
Ол «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кредиторлар шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсартқан жағдайда оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы екендігін қоса айтты.
«Осыған орай, банктер және микроқаржы ұйымдары төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған дара кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда, төлемдер мерзімін 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізетін болады. Банктер мен кредит нарығының басқа да субъектілері аталған шараларды халық пен бизнеске қолайлы болу үшін барынша қашықтан қатынас жасау нысанында іске асыру үшін қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасаудың тәртібі мен тетіктерін айқындайды.
Агенттік қаржы нарығындағы ахуалға күшейтілген мониторингті жалғастырады және көрсетілген шараларды іске асыруға бақылауды қамтамасыз етеді», - деп қорытындылады М. Әбілқасымова.
Толығырақ ақпаратты мына телефон бойынша алуға болады:
+7 (727) 2788 121
e-mail: Fingramota@finreg.kz
www.finreg.kz