Төрағаның орынбасары Мария Хаджиевамен сұхбат

9 қазанда БАҚ өкілдерімен онлайн брифинг өткізілді, оның барысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева бағалы қағаздар нарығындағы реттеушілік қызмет шеңберінде іске асырылған жаңалықтар туралы айтып берді.
Мәселен, 2020 жылғы 9 қазаннан бастап бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің тізбесіне түзетулер қолданысқа енгізілді.
«Агенттіктің негізгі басымдығы қаржы жүйесін дамыту мәселелері болып табылады. Тоғыз ай ішінде біз нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер дайындау және нарыққа қатысушылармен ұсынылған жаңалықтарды келісу бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. Ағымдағы жылғы 9 қазаннан бастап Агенттік қабылдаған, бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша қаулы күшіне енеді, оған 16 нормативтік құқықтық акті бойынша түзетулер енгізілді», - деді Мария Хаджиева.
Атап айтқанда, брокерлік қызметтерді көрсету процесін цифрландыру аясында клиенттердің брокерлік шарттарды электрондық тәсілмен жасау мүмкіндігі көзделген. Дерекқорлармен интеграциялау брокерлерге клиенттер туралы деректерді олардың өтініш жасауынсыз өзектендіруге мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар қызметті ырықтандыру шеңберінде маржиналдық мәмілелерді, халықаралық нарықтағы мәмілелерді жасау тәртібі және шетелдік инвесторлар үшін жеке шоттарды ашу тәртібі айтарлықтай жеңілдетіледі. Маржа деңгейін есептеу тәртібі енді брокердің ішкі құжаттарымен айқындалатын болады, бұл оған клиенттерге қатысты «маржаның» шектеулі деңгейін дербес белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл артық реттеушілік жүктемені болдырмай, маржиналдық сауданы өзектендіруге жағдай жасайды», - деп атап өтті Агенттік Төрағасының орынбасары.
Бұдан басқа брокерлердің мәмілелер бойынша тәуекелдер өлшемдерін күнделікті есептеуіне қойылатын талаптар алып тасталды, брокер үшін қызметті қоса атқару (инвестициялық портфельді басқару және банк операцияларының жекелеген түрлері) бойынша шектеулер алып тасталды, шетелдік инвесторлар үшін шоттарды ашқан кезде қолтаңбаларды нотариатпен куәландыру жөніндегі талаптар алып тасталды.
«Сонымен қатар бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын дамыту мақсатында ішкі қор нарығы мен АХҚО биржасын интеграциялау іске асырылды, депозитарийаралық көпір қалыптастырылды. Бұл ретте шетелдік кәсіби ұйымдармен өзара іс-қимыл арналары кеңейтілді. Бұдан басқа, Агенттік бағалы қағаздар нарығының мәселелері бойынша екі заңнамалық түзетулер топтамасын әзірледі. Заң және норма шығару бастамаларының іске асуы қор нарығының одан әрі дамуына қарқын береді деп сенеміз», - деп қорытындылады Мария Хаджиева.