Сақтандырудағы цифрландыру

Қазіргі уақытта басқа бизнес субъектілері сияқты қаржы ұйымдары да тұтынушылардың күтулерін ескере отырып, өздерінің бизнес-процестерін жедел қайта құруға және жетілдіруге мәжбүр. Бүгінгі күні тұтынушы үшін қызметті алу жылдамдығы мен қолжетімділігі басымдық болып табылады. Мысалы, смартфондағы мобильдік қосымша арқылы депозит ашуға немесе ХҚКО-дан қажетті анықтаманы алуға болады. Қазақстанның сақтандыру саласы да ерекше жағдай болған жоқ. Сақтандыру қызметтерінің онлайн форматқа көшуінің егжей-тегжей жағдайлары туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының міндетін атқарушы Елена Филимонова айтып берді.
- Елена Анатольевна, цифрландыру саланың дамуына қалай әсер етеді? Ол сақтандыру нарығына кәсіби қатысушылар мен олардың клиенттеріне қандай артықшылықтар мен басымдықтар береді?
Бүгінгі күні цифрландыру дегеніміз – сақтандыру саласын дамытудың басты үрдістерінің бірі. Цифрлық нақты жағдай сақтандыру операцияларының ашықтығын арттырады және сақтандырушыларға өз клиенттерімен тиімді қарым-қатынас жасауға көмектеседі.
Өздеріңіз білетіндей, сақтандыру – бұл сатылатын өнім. Сақтандырушылар үшін цифрландыру бәсекелестіктің бір түрі болып табылады. Клиенттер кеңсеге баруға немесе сақтандыру делдалдарына жүгінуге қосымша уақыт пен ақша жұмсамай, бір рет батырманы басу арқылы көлігін, мүлкін, өмірін немесе денсаулығын сақтандыруға мүмкіндік беретіндерге жүгінуге дайын.
Цифрландыру арқылы нарықта болып жатқан бизнес-процестерді түсіну жақсарады және тұтынушылардың қаржылық сауаттылығы артады. Адам факторынан, операциялық қателер тәуекелінен теріс әсер азаяды. Қағазды жоғалтуға немесе ауыстыруға болады. Бұл тұрғыда цифрлық өнім сенімдірек.
Реттеуші үшін цифрландыру да басымдық болып табылады. Сақтандыру саласында цифрлық технологияларды дамыту және енгізу Қазақстанның қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында, сондай-ақ Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделген. Аталған бағдарламалық құжаттарда цифрлық өнімдерді одан әрі дамыту және сақтандыру нарығына барлық қатысушылар арасындағы өзара іс-қимыл процестерін автоматтандыру үшін жағдайлар жасау жөніндегі нақты шаралар көзделеді.
- Сақтандыру саласын цифрландырудың қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз? Соңғы жылдары осы салада қандай жетістіктерге қол жеткізілді?
Бүгінгі күні халық онлайн режимде сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру қызметтерінің толық аясын алуға мүмкіндігі бар. Міндетті сақтандыру құжатын сақтандыру ұйымының сайты арқылы қашықтан сатып алуға болады.
Халыққа ыңғайлы болу үшін 2024 жылғы қаңтардан бастап сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру төлемдерін онлайн реттеу енгізілді. Зардап шегушінің сақтандыру төлемін алуға өтінішті және қажетті құжаттарды сақтандыру ұйымына электрондық түрде жіберуге және олар қаралғаннан кейін көрсетілген банктік шотқа ақша алуға мүмкіндігі бар. Осылайша, сақтандырудың толық процесін: шарт жасасудан бастап сақтандыру төлемін алуға дейін цифрландыру қамтамасыз етілді.
Сақтандыру төлемін алудың транспарентті рәсімін едәуір жеңілдетуге және жасауға мүмкіндік берген тағы бір жаңалық сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі (Еурохаттама) болып табылады.
Еурохаттама да 2024 жылдың басынан бастап енгізілді және еліміздің бүкіл аумағында қолданылады.
Еурохаттаманың негізгі артықшылығы жол полициясы қызметкерлерінің қатысуынсыз және сот шешімінсіз жүзеге асырылатын жол-көлік оқиғасы (ЖКО) туралы құжаттарды оңай жолмен ресімдеу болып табылады.
Еурохаттама ЖКО-ға тек екі көлік құралы қатысқан кезде, ЖКО-ға қатысушылардың екеуінде де қолданыстағы сақтандыру полистері болған, өміріне және денсаулығына зиян келтірілмеген және үшінші тұлғалардың мүлкі зардап шекпеген кезде қолданылады.
Тараптардың ЖКО-ға кімнің кінәлі, кімнің зардап шеккені және залал мөлшері 100 АЕК-тен аспайтыны (2024 жылы шамамен
370 мың теңге) туралы келісімге келуі Еурохаттама үшін маңызды талаптар болып табылады.
Егер ЖКО осы өлшемшарттарға сәйкес келсе, онда апатқа қатысушылар мобильді телефондағы арнайы қосымша арқылы сақтандыру жағдайын тіркеп, сақтандыру төлемін алу үшін құжаттарды тапсыра алады.
Тек 2024 жылдың үш айында жеңілдетілген реттеу аясында 1 906 өтініш берілді. Сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 273 млн теңгеден асты, ал сақтандыру төлемін алудың орташа мерзімі 6 күннен 10 күнге дейін мерзімді құрады. Бұрын бұл процесс орта есеппен екі айға созылатын.
Еурохаттаманы «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-мен бірлесіп әзірлеген «Еурохаттама» қосымшасы арқылы немесе сақтандырушылардың өздері әзірлеген баламалы қосымшалар арқылы ресімдеуге болады.
- Егер Еурохаттаманың осы жобасына баға беретін болсақ, сіз оны сәтті шықты деп санайсыз ба? Шын мәнінде ЖКО саны Еурохаттама ресімдеуге берілген өтініштен әлдеқайда көп қой.
Бүгінгі күні Еурохаттама жоба ретінде сәтті шықты деген нақты қорытынды жасауға болады. ЖКО-ның жалпы санын жеңілдетілген тәртіппен ресімделген ЖКО санымен салыстыру дұрыс емес.
Еурохаттама тек дау туындамайтын және сот талқылауын және тараптардың бірінің кінәсін анықтауды қажет етпейтін жағдайларды ғана қамтиды. Мұндай даулар бойынша әрі қарай да сот шешімдері талап етілетін болады. Еурохаттама бұған дейін «көлеңкеде қалған» елеусіз және маңызды емес ЖКО бойынша статистика жинақтауға мүмкіндік береді. Жол-көлік оқиғасына қатысушы тараптар жол полициясын шақырмай және сақтандыру төлемін талап етпей, бір-бірімен оқиға орнында келісім жасасатын.
Осылайша, Еурохаттаманың арқасында сақтандыру төлемдерінің саны артты, біз оны цифрлардан көріп отырмыз. Болашақта статистика мен жинақталған тәжірибе бізге Еурохаттаманың қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік береді деп санаймыз, бұл сақтандыру төлемдерінің ұлғаюына ықпал етеді.
- Түсінікті. Бірақ адамдар күн сайын сақтандыру жағдайларын ресімдеу қажеттілігіне тап болмайды ғой. Қосымшаны жүктеу және декларацияны дұрыс толтыру туралы ақпаратты қайдан алуға болады?
Халыққа ыңғайлы болу үшін 2570 нөмірі бойынша «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-тың байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді, ол арқылы Еурохаттаманы ресімдеу процесінде туындайтын барлық сұрақтарға жауап алуға болады. Осыған ұқсас сервистерді сақтандырушылардың өздері де ұсынады. Сіз өзіңіздің сақтандыру ұйымыңыздың сайтына кіріп, Еурохаттаманы қолдану туралы қажетті кеңес ала аласыз.
- Бұдан әрі цифрландыру қай бағытта дамитын болады? Біз сақтандыруда жаңа цифрлық қызметтерді күтеміз бе?
Қазіргі уақытта кінәлі адам апат орнынан қашып кеткен және оны анықтау мүмкін болмаған ЖКО бойынша «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-қа сақтандыру төлемін алуға өтініш беру процесін онлайн форматқа ауыстыру жұмысы аяқталуда. Мұндай ЖКО бойынша шығынды өтеуге өтінішті «Еурохаттама» ресімделетін мобильдік қосымшаның көмегімен беруге болады.
Саланы одан әрі цифрландыру сақтандыру қызметтерінің барлық аясын сату үшін электрондық алаңдар (агрегаторлар) құру мүмкіндігін қарастыруға мүмкіндік береді, бұл клиенттердің сақтандыру өнімдері туралы хабардарлығын арттырады, ал сақтандыру компанияларына бәсекелестік процесінде клиенттердің жеке мүдделерін ескеретін сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қызмет көрсету деңгейі мен жылдамдығы тұрғысынан клиенттердің күтуі өскен сайын, саланы цифрландыру да кеңейеді. Жекелеген сақтандыру ұйымдары өз клиенттеріне мүлікті ерікті сақтандыруға және корпоративтік сақтандыру өнімдеріне онлайн жазылуды ұсынады.
Таяу болашақта тұтынушылардың басым көпшілігі сақтандыру өнімдерін тек онлайн режимінде сатып алуды таңдайды. Кеңселердегі сатылымдар біртіндеп азаяды. Сақтандырушылар мұны жақсы түсінеді, сондықтан цифрлық қызметтерді белсенді дамытып, онлайн нарықта өз қатысуын кеңейтеді.
Сонымен қатар, сақтандыру қызметтерін электрондық тәсілмен көрсету клиенттер үшін қауіпсіз болуы тиіс. Дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелері күн тәртібінде қалып отыр.