Мария Хаджиева: Қазақстанда сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі іске асты

ҚНРДА Басқарма Төрағасының орынбасары арнайы қор жұмысының негізгі нәтижелері туралы айтып берді
7-8 қыркүйекте Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының 20 жылдық мерейтойына орай алғашқы сақтандыру форумы өткізілді. Форум Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) және Сақтандыру кепілдіктері схемаларының халықаралық форумының (International Forum of Insurance Guarantee Schemes – IFIGS) қолдауымен өтті. Қор Қазақстанның сақтандыру нарығы инфрақұрылымының маңызды элементі болып табылады. Азаматтардың Қордың жұмысы туралы және сақтандыру ұйымы таратылған жағдайда өз құқықтары туралы білуі маңызды. Сондықтан Қордың қызметі туралы сұрақтармен біз ҚНРДА Басқарма Төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваға жүгіндік.
- Мария Жамаловна, елімізде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің қалыптасуы мен даму тәжірибесін қалай бағалайсыз? Барлығы дұрыс жасалды ма?
- Әрине, 20 жыл ішінде көп нәрсе жасалды. Қордың басты міндеті – халықтың сақтандыруға деген сенімін арттыру. Азаматтар кез келген тәуекелден, соның ішінде сақтандыру компаниясының банкроттық қаупінен қорғалғанына сенімді болуы керек.
Бүгінгі күні Қор «жалпы сақтандыру» және «өмірді сақтандыру» салалары бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік береді. Сақтандырудың кепілдендірілген сыныптары бойынша қызметті жүзеге асыратын барлық сақтандыру ұйымдары Қордың қатысушылары болып табылады. Ол сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ете отырып, нарыққа қатысушылардың жарналары есебінен толық жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Қор жалпы сомасы шамамен 13 млрд теңгеге кепілдік беру резервтерін қалыптастырды. Еріксіз таратылған алты сақтандыру ұйымы бойынша 1,13 млрд теңгеден астам сомаға халыққа кепілдік төлемдер жүзеге асырылды. Бүгінгі күні барлық кепілдік төлемдер жүзеге асырылды, кредиторлар алдындағы міндеттемелер өтелді, тарату процестері аяқталды.
Мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымдарының клиенттеріне кепілдік төлемдерін жүзеге асырудан басқа, Қор кінәлі адам апат орнынан қашып кеткен және оны анықтау мүмкін болмаған кезде жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен адамдарға сақтандыру қорғауын қамтамасыз етеді. Мұндай жағдайлар бойынша зардап шеккен 166 адамға жалпы сомасы 316 млн теңгеге сақтандыру төлемдері жүзеге асырылды.
Қор қатысушы сақтандыру ұйымдарының дефолт тәуекелін мониторингтейді және бағалау жүргізеді, бұл сақтандыру компаниялары қаржылық көрсеткіштерінің өзгеруіне уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді. Қор Агенттікпен бірлесіп кепілдік беру резервтерінің жеткіліксіздігі тәуекелін бағалау әдістемесін әзірледі. 2023 жылғы шілдеден бастап Халықаралық валюта қорының ұсынымдарына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылардың қаржылық көрсеткіштеріне тұрақты стресс-тестілеу жүргізіле бастады.
Бүгінгі күні Қазақстанда сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Бұған сақтандыру нарығына қатысушылар үлкен еңбек сіңірді.
«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2003 жылы қабылданды, сол жылғы тамыз айында Қордың өзі құрылды. Сол кезде оның жалғыз акционері Қазақстанның Ұлттық Банкі болды. Кейіннен Ұлттық Банктің 100% үлесін сақтандыру нарығына қатысушыларға сату туралы шешім қабылданды. 2008 жылғы қазан айынан бастап Қордың акционерлері сақтандыру ұйымдары болып табылады. Салыстырмалы түрде қысқа мерзімде Қор сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің орталық буынына және сақтандыру нарығында өзін-өзі реттеудің тиімді құралына айналды.
Тұтынушыларды сақтандыру нарығына қатысушылардың банкроттық қаупінен қорғауды мемлекеттің тікелей қатысуынсыз және қаржыландыруынсыз нарықтың өзі қамтамасыз ететіндігі тұтастай алғанда жүйенің тиімділігі мен жетілгендігін көрсетеді.
- Сақтандыру төлемдеріне кепілдік берудің қазақстандық тәжірибесі ең үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес келе ме?
- Жалпы алғанда, сақтандыру төлемдеріне кепілдік берудің қазақстандық жүйесі негізгі әлемдік үрдістерге ілесіп келеді. 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қор сақтандыру кепілдіктері схемаларының халықаралық форумының (International Forum of Insurance Guarantee Schemes – IFIGS) толыққанды мүшесі болып табылады. Бұл Қордың өз қызметін үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып жүргізетінін растайды. IFIGS-ке қатысу сақтандыру кепілдігі жүйелері мен сақтандыру полисін ұстаушыларды қорғауға мүдделі басқа ұйымдар арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. IFIGS-тің толық мүшесі бола отырып, Қор соңғы озық зерттеулерге қол жеткізе алады және сақтандыру кепілдіктерінің схемалары жұмыс істейтін сала көшбасшыларымен өзекті мәселелерді талқылау мүмкіндігіне ие.
– Соңғы уақытта кепілдік беру жүйесінде орын алған негізгі жаңалықтарды атап кетсеңіз?
- 2022 жылғы 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заңмен сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін реформалау бойынша түзетулердің үлкен блогы қабылданды. Қор қаржы ұйымы мәртебесіне ие болды және оның мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымдары клиенттерінің құқықтарын қорғаудағы рөлі тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды.
Біріншіден, секторға деген сенімді арттыру мақсатында кепілдендірілген сақтандыру сыныптарының тізбесі кеңейтілді. Бұрын Қордың кепілдігі сақтандырудың бес сыныбына қолданылды, енді ол сақтандырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызы бар сыныптарын қоса алғанда, сақтандырудың он сыныбына қолданылады.
Екіншіден, Агенттік сақтандыру ұйымы таратылған жағдайда сақтандыру төлемдеріне кепілдік берудің толық және үздіксіз тетігін құрды. Жаңа тетік төлемдер алу процесін оңтайландырады және жеделдетеді, сондай-ақ Қордың кепілдік беру резервтерінің есебінен сақтандыру портфелін таратылатын сақтандыру ұйымынан жаңа сақтандырушыға беруді қамтамасыз етеді. Ендігі жерде тұтынушылар оны тарату жөнінде сот шешімін күтпестен мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымын лицензиядан айырғаннан кейін де төлемдер алуды жалғастыра алады
Үшіншіден, Қордың тарату процесіндегі өкілеттіктері кеңейтілді. Қор өкілдерінің мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымдарының уақытша әкімшіліктерінің құрамына қатысуы міндетті шарт болып табылады. Қор кепілдік төлемдерін алу және сақтандыру портфелін жаңа сақтандырушыға беру жөніндегі сақтанушылардың алдындағы міндеттемелердің орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
– Осындай маңызды өзгерістер Қор қызметінің түрленуіне де әкелуге тиіс. Мұндай өзгерістер жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.
- Қордың қызметі сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығарылды. Оған қаржы ұйымының мәртебесін беру корпоративтік басқару жүйесін жетілдіруді, тәуекелдерді басқару қызметі мен ішкі аудит жұмысының тиімділігін арттыруды талап етті. Қордың қызметі жұртшылық үшін неғұрлым ашық және айқын бола түсті. Басшы құрамға қойылатын біліктілік талаптары арттырылды, Қордың штатына кәсіби актуарийлер кірді.
Қолданыстағы құрылым қайта қаралды. Агенттіктің бастамасымен Қорда аса маңызды мәселелер мен директорлар кеңесіне ұсынымдар дайындау үшін жұмыс істейтін Қор қатысушылары - сақтандыру ұйымдары өкілдерінен консультативтік комитет құрылды.
Сонымен қатар, Агенттік Қордың барлық қатысушысының басқарушылық шешімдер қабылдауға және оның даму стратегиясын айқындауға тең қолжетімділігін қамтамасыз етті. Қор акционерлерінің жалпы жиналысында дауыс беру қағидаты өзгертілді. Егер бұрын бір акция бір дауыс берсе, сәйкесінше, көп акцияларға иелік ететін қатысушылардың басқару шешімдерін қабылдауда артықшылығы болса, енді дауыс беру акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беруге құқығы бар әрбір адамға бір дауыс беру қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
- Мұнда форум алаңдарында Қордың Еурохаттаманы автокөлік иелері үшін сақтандыру төлемдерін алудың жеңілдетілген тәртібін енгізуге қатысатыны туралы көп айтылды. Неліктен бұл міндет Қорға жүктелді? Нәтижесінде ол қалай жүзеге асырылады?
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтар жеңілдетілген тәртіппен сақтандыру төлемдерін алуға құжаттарды ресімдей алады.
Сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі (Еурохаттама) полицияның қатысуынсыз және сотқа жүгінбей, сақтандыру ұйымдарының мобильді қосымшасының не интернет-ресурсының көмегімен жол-көлік оқиғасы кезінде сақтандыру төлемін жедел алуға мүмкіндік береді. Бұл жолдардағы трафикті жеңілдетуге мүмкіндік береді, бұл әсіресе елдің ірі қалаларында өзекті болып отыр.
Егер ЖКО-ға тек екі көлік құралы қатысса, зардап шеккен адамдар болмаса және үшінші тұлғалардың мүлкі зардап шекпесе, еурохаттама қолданылады.
Еурохаттама ресімделген жағдайда төлемнің шекті сомасы 100 АЕК-тен аспауға тиіс және ЖКО қатысушылары мұнымен келісуге тиіс.
Азаматтарға Еурохаттама бойынша ыңғайлы сервис ұсыну үшін сақтандыру ұйымдарымен қатар мобильді қосымшаны «Бірінші кредиттік бюро»ЖШС-мен бірлесіп Қор әзірлейді. Дәлірек айтқанда, Қор осы сервистің үйлестірушісі және тапсырыс берушісі болып табылады, ал «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС оны техникалық іске асырумен айналысады.
Қордың мұндай функцияны өз мойнына алғаны, әрине, оның акционерлерінің үлкен еңбегі, олар Еурохаттама бойынша жеке мобильді қосымшаны әзірлеу бастамасын қолдады.
Еурохаттама – бұл бүкіл нарық үшін әлеуметтік маңызы бар жоба. Сондықтан тұтынушылар үшін жаңа автоматтандырылған сервистерді енгізу бойынша сақтандыру нарығына қатысушылар тарапынан белсенділік осындай ауқымды жобаларды жақсы іске асыруға ықпал ететін болады.
Мұның Қордың нарық игілігіне қызмет ететін жалғыз жобасы емес екені қуантады.
– Иә, Қордың сақтандыру нарығы үшін кәсіби кадрлар дайындау жөніндегі білім беру бағдарламаларына қатысатыны жайлы айтылды. Осы жоба туралы толығырақ айтып берсеңіз.
- Қор өзінің акционерлері болып табылатын сақтандыру ұйымдарының атынан кәсіби актуарийлерді оқытуға гранттар бөлу және шәкіртақылар төлеу үшін қаражат жинауды ұйымдастырады. Ағымдағы жылғы маусымда Агенттік, Қор мен «Нархоз» университетінің арасында «Актуарий» білім беру бағдарламасы бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау туралы үшжақты келісімге қол қойылды.
Бұл – кәсіби актуарийлер тапшылығы байқалатын біздің нарық үшін өте маңызды жоба. Нарыққа жаңа кадрларды тарту сақтандыру қызметтерін сапалы түрде ұсынуды қамтамасыз етеді, нәтижесінде бұл клиенттер тарапынан қанағаттану мен сенім деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Аталған бағдарламаның қорытындысы бойынша екі жылдан кейін отандық нарыққа дайындықтан өткен тағы да актуарий мамандар қосылып, олар сақтандыру нарығында да, сондай-ақ актуарлық білім талап етілетін басқа салаларда да жұмыс істей алады.
– Мария Жамаловна, сіздің ойыңызша, сақтандыру төлемдеріне кепілдік берудің отандық жүйесін қандай бағытта дамыту керек?
- Қордың міндеті – сақтандыру нарығының басты назарын сақтандыру қызметтерінің сапасын жақсартуға, тұтынушылардың сақтандыруға деген сенімін арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге шоғырландыру.
Бізге ерте ден қою және сақтандыру ұйымдары қаржылық жағдайының нашарлауының алдын алу жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Сақтандыру ұйымдары дефолтын мониторингтеу және бағалау бойынша Қордың жүргізіп отырған жұмысы – реттеушінің бағалауымен қатар ерте кезеңде сақтандырушының төлем қабілеттілігімен байланысты проблемаларды анықтауға және оның иелерінің клиенттер алдындағы барлық міндеттемені орындайтынына кепілдік беруге мүмкіндік беретін маңызды элемент.
Әрине, бұл – жұмыстың едәуір бөлігі, бірақ бұл сақтандыру саласының қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін қажет.
Дереккөз: Kapital.kz