Сақтандыру нарығында қандай өзгерістер болады

Ағымдағы жылғы 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Сақтандыру нарығын дамыту Басқармасының бастығы Сағи Әжібектің түсіндірмесі.
Заңмен ұсынылатын маңызды жаңалықтардың ішінде өмірді сақтандырудың жаңа, әлеуметтік маңызы бар өнімдерін енгізу, сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін дамыту және сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіру бар. Бұл – Заңның күшіне енуіне байланысты сақтандыру нарығында күтілетін жаңалықтардың негізгі, бірақ толық емес тізбесі. Шын мәнінде, Заң – бұл таяудағы үш-төрт жылға арналған сақтандыру саласын дамыту бағдарламасының бір түрі.
Реттеушіге нарықпен бірлесіп барлық ұсынылған жаңалықтарды іске асыру бойынша үлкен жұмыс жүргізу керек болады, сектордағы нормативтік құқықтық базаны, техникалық және институционалдық өзгерістерді әзірлеу қажет болады.
Заңның негізгі идеясы – сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру, халық үшін сақтандыру ұйымдарының офистеріне бармай-ақ онлайн режимде сақтандыру қызметтерінің толық аясын алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
«Бүгіннің өзінде біз автосақтандыру шарттарын бір түртіп қана қашықтықтан жасай аламыз. Бізге автокөлік иесі мен автомобиль бойынша деректерді толтырудың қажеті жоқ, себебі Бірыңғай сақтандыру дерекқоры оларды ҚР Әділет министрлігі мен ҚР Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік дерекқорларымен интеграциялау арқылы ала алады. Бұл автосақтандыру шартында клиент толтыратын ақпарат көлемін айтарлықтай азайтады», - дейді Сағи Әжібек.
Заңда 2024 жылға қарай міндетті автосақтандыру шарты бойынша сақтандыру қызметін көрсетудің толық: шарт жасалған сәттен бастап сақтандыру төлемін алғанға дейінгі циклі цифрландырылуға тиіс екендігі көзделген. Сонымен қатар, барлық рәсімдер барынша қарапайым және ашық болуы керек.
Сақтандыру жағдайы басталған кезде клиент сақтандыру компаниясының сайтында төлемді алу үшін сақтандырушының кеңсесіне бармай-ақ өтініш беру мүмкіндігіне ие болады. Сақтандыру жағдайын реттеу процесінің құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап, сақтандырушының шешімін төлеуге немесе шағымдануға дейінгі барлық кезеңдері Бірыңғай сақтандыру дерекқорында тіркелетін болады.
2024 жылдан бастап автомобиль иелерінің болмашы жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына келтірілген залал үшін сақтандыру төлемдерін алуын жеңілдететін «Еурохаттаманы» енгізу жоспарланып отыр. Мұндай тәртіп ЖКО-ға қатысушылардың өмірі мен денсаулығына зиян болмаған жағдайда және залал сомасы 100 АЕК-тен аспаса, полицияның қатысуынсыз мобильдік қосымшаның көмегімен сақтандыру төлемін алуға құжаттарды ресімдеуге және сотқа жүгінуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта клиент пен сақтандыру ұйымының өзара іс-қимылының бүкіл процесін цифрландыру мақсатында сақтандыру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арасында интеграция жүргізілуде, Бірыңғай сақтандыру дерекқорының функционалы пысықталуда және мобильдік қосымша әзірленуде.
Заңға енгізілген түзетулердің үлкен блогы сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған.
«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігімен өтелетін сақтандыру сыныптары тізбесінің ұлғайтылуы сақтанушылар үшін маңызды жаңалық болып табылады. Қордың кепілдігі сақтандырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сыныптарына, оның ішінде бірлескен зейнетақы аннуитеттері мен МБЖЖ шеңберінде өмірді сақтандыруға да қолданылатын болады. Егер қазіргі уақытта Қордың кепілдігі сақтандырудың тек 5 түрін қамтыса, Заң күшіне енгеннен кейін сақтандырудың кепілді түрлерінің саны 10-ға дейін, яғни екі есеге артады», - деп атап өтті Басқарма бастығы.
Қордың кепілдігі сақтандыру ұйымы таратылған жағдайда, оның клиенттерінің алдындағы міндеттемелері бойынша Қордың жауап беретінін білдіреді. Банктік депозиттер бойынша осыған ұқсас функцияларды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жүзеге асырады.
Сақтандыру ұйымдарының көптеген клиенттері, әсіресе автокөлік иелері, өз құқықтарын қорғау үшін сақтандыру омбудсманына жүгінуге болатынын біледі.
«Сақтандыру омбудсманы – тәуелсіз қызмет жасайтын жеке тұлға. Ол өзара қарым-қатынастарды реттеумен және сақтандыру ұйымдары мен олардың клиенттері арасындағы сақтандыру шарттарынан туындайтын дауларды соттан тыс шешумен айналысады», - деп түсіндірді Сағи Әжібек.
Қазақстанда сақтандыру омбудсманы институты 2008 жылдан бастап жұмыс істейді. Сақтандыру омбудсманы болып жұмыс істеген 14 жыл ішінде оның қарауына 6 мыңға жуық өтініш келіп түсті және дұрыс әрі әділ шешім қабылдауға мүмкіндік беретін құқық қолдану практикасы жинақталды.
2024 жылдан бастап клиенттің сақтандыру ұйымымен келіспеушіліктерін сақтандыру омбудсманының сотқа дейін міндетті түрде реттеуі енгізіледі. Бұл клиент сақтандырушының іс-әрекетіне шағыммен сотқа жүгінгенге дейін дауды сақтандыру омбудсманы қарауға тиіс дегенді білдіреді. Сақтандыру компанияларының клиенттері үшін омбудсманның қызметтері тегін, ал сақтандырушы оның шешімін орындауға міндетті.
Естеріңізге сала кетейік, жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері сақтандыру ұйымымен дауды шешу үшін сақтандыру омбудсманына сақтандырудың барлық түрлері бойынша, ал өзге заңды тұлғалар – міндетті автосақтандыру сыныбы бойынша ғана жүгіне алады. Бұл ретте дау сомасы 10 000 АЕК-тен аспауға тиіс (2022 жылға – 30,63 млн теңге).
Сақтандыру шартының тараптары арасындағы дауларды шешудегі рөлі мен маңыздылығының күшеюіне байланысты сақтандыру омбудсманы институты да елеулі өзгерістерге ұшырайды. Атап айтқанда, оның кеңсесі кеңейеді, кеңсенің құрылымында бағалаушылар, заңгерлер, техникалық мамандар пайда болады, олар омбудсманға дауларды неғұрлым сапалы және тез қарауға көмектесетін болады.
Заңда автокөлік иелерінің жауапкершілігін сақтандыру мәселелеріне көп көңіл бөлінген, себебі бұл сақтандырудың міндетті және жалпыға арналған сыныбы. Қазіргі уақытта сақтандырудың осы түрі бойынша полистер 2007 жылы заңмен белгіленген және сол уақыттан бері өзгермеген сақтандыру тарифтерін ескере отырып жазылады. Бұл ретте ол бойынша шығынға ұшырағыштық деңгейін талдау апаттылық және шығындылық көрсеткіштерінің Қазақстан өңірлері бойынша айтарлықтай ерекшеленетінін көрсетеді.
Осыны ескере отырып, Заңда икемді тарифтеу жүйесіне көшу белгіленеді, яғни тарифтер өңірлердің іс жүзіндегі шығындылығын ескере отырып, жыл сайын қайта қаралатын болады. Бұл шығындылық деңгейі төмен өңірлерде міндетті автосақтандыру бойынша тарифтердің төмендеуіне әкеледі.
«Жалпы, Заңда мәселелердің кең ауқымы қамтылады. Заңды іске асыру уақытты талап етеді, бірақ жалпы, сақтанушылардың құқықтарын қорғау және сақтандыру саласын цифрландыру бойынша ұсынылған шаралар клиенттер үшін сақтандырудың тартымдылығын арттырады, өсу әлеуетін толық іске асыруға және оның тұтастай ел экономикасының дамуына қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», – деп қорытындылады Сағи Әжібек.