«Қарыз алушы жеке тұлғаның банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы жолданымын қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 17 қарашадағы № 165 қаулысы
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 61-бабы
2-тармағының үшінші бөлігіне, «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Микроқаржылық қызмет туралы заң)
9-2-бабы 2-тармағының үшінші бөлігіне, «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 1-тармағының 3-1) тармақшасына, «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы
3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қарыз алушы жеке тұлғаның банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы жолданымын қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасы, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулыларының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулысының құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылсын.
3. Іс-қимылды қадағалау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы Қағидалардың 2027 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілетін 12-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап:
Қағидалардың 13-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда қолданылатыны белгіленсін:
«13. Кредитор Қағидалардың 7-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, сондай-ақ Қағидалардың 8-тармағының төртінші бөлігінде көрсетілген мерзімде кредитор мен қарыз алушы арасында өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде кредитор қарыз алушыға жазбаша нысанда және (немесе) шартта көзделген өзге де тәсілмен қарыз алушының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес кредит бойынша берешекті сотқа дейінгі реттеу мақсатында үш ай ішінде қаржы омбудсманына жүгіну құқығы туралы хабарлайды.»;
Қағидалардың 37-тармағының мынадай редакцияда қолданылатыны белгіленсін:
«37. Қағидалардың 40-тармағында белгіленген ұжымдық реттеуге жататын берешек өлшемшарттарына (бұдан әрі – берешек өлшемшарттары) сәйкес келген кезде қарыз алушы берешекті ұжымдық реттеу үшін қаржы омбудсманы жанында жұмыс істейтін ұжымдық реттеу платформасы (бұдан әрі - платформа) арқылы жүгінуге құқылы.
Банктік қарыз шарты және (немесе) кепіл мүлкімен қамтамасыз етілмеген микрокредит беру туралы шарт бойынша талаптардың өзгерістерін келісуді қоса алғанда, берешекті ұжымдық реттеу рәсімі мен өтеу кестесін қалыптастыруды ұйымдардың қатысуымен қаржы омбудсманы жүзеге асырады.»;
Қағидалардың 39-тармағы бірінші абзацының мынадай редакцияда қолданылатыны белгіленсін:
«39. Қаржы омбудсманы берешекті ұжымдық реттеу туралы өтініш платформа арқылы келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде:»;
Қағидалардың 41-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда қолданылатыны белгіленсін:
«41. Ұйымдар қаржы омбудсманының сұрау салуын платформа арқылы алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде мәліметтердің дұрыстығын және берешекті ұжымдық реттеу рәсіміне банктік қарыз шарты және (немесе) кепіл мүлкімен қамтамасыз етілмеген микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті қосуға келісімін растайды не берешектің мөлшері бойынша негізделген нақтылауды және (немесе) себептерді көрсете отырып, тиісті міндеттемелерді берешекті ұжымдық реттеу рәсіміне қосудан бас тартуды жібереді.»;
Қағидалардың 42-тармағының бірінші, екінші және бесінші бөліктерінің мынадай редакцияда қолданылатыны белгіленсін:
«42. Қаржы омбудсманы барлық ұйымдар мәліметтерді растаған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей берешекті ұжымдық реттеудің келісілген талаптары туралы платформа арқылы қарыз алушыға хабарлайды және оған танысу және қол қою үшін мерзімі өткен берешекті ұжымдық реттеу жөніндегі хаттаманың жобасын (бұдан әрі – хаттама) және медиация рәсімінде дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімдердің жобаларын (бұдан әрі – медиативтік келісімдер) жібереді. Хаттама мен медиативтік келісімнің нысандары қаржы омбудсманының ішкі қағидаларында айқындалады.
Берешекті өтеу кестесінің есебі қаржы омбудсманының ішкі қағидаларына сәйкес жиынтық берешек сомасына қарай айқындалады.»;
«Қарыз алушы хаттамаға және медиативтік келісімдерге қол қоюдан бас тартқан жағдайда қаржы омбудсманы берешекті ұжымдық реттеу рәсімі аяқталған күннен кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде қарыз алушыға ұйымдармен жеке тәртіппен, оның ішінде қаржы омбудсманының қатысуымен оның берешекті реттеу құқығы туралы, ұйымдардың Банктер туралы заңда және Микроқаржылық қызмет туралы заңда көзделген тәртіппен берешекті өндіріп алу шараларын қолдану құқығы туралы платформа арқылы хабарлайды,
сондай-ақ хаттама мен медиативтік келісімдер жасамай, берешекті ұжымдық реттеу рәсіміне қатысқан ұйымдарға рәсімнің аяқталғаны туралы платформа арқылы хабарлайды.»;
Қағидалардың 43-тармағының бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда қолданылатыны белгіленсін:
«43. Қарыз алушы, ұйымдар, қаржы омбудсманы және медиатор хаттамаға және медиативтік келісімдерге қол қойғаннан кейін қаржы омбудсманы платформа арқылы:»;
Қағидалардың 44-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда қолданылатыны белгіленсін:
«Қарыз алушы хаттамада және медиативтік келісімдерде көзделген міндеттемелерді орындау үшін жеткіліксіз мөлшерде төлем енгізген жағдайда, қаржы омбудсманы төлем толық енгізілмеген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде платформа арқылы қарыз алушыға төлемді толық көлемде енгізу қажеттігі және міндеттемелерді тиісінше орындамау салдары туралы хабарлайды.»;
Қағидалардың 45-тармағының мынадай редакцияда қолданылатыны белгіленсін:
«45. Хаттама мен медиативтік келісімдерде көзделген міндеттемелерді орындау барысында берешегі мерзімінен бұрын толық өтелген ұйым қаржы омбудсманына платформа арқылы өтеу жүргізілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей осындай өтеу туралы хабарлайды. Кредит толық өтелгеннен кейін артық төлем пайда болған жағдайда ұйым 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей артық төлем сомасын қарыз алушыға қайтарады.»;
1-қосымшасының үшінші абзацының мынадай редакцияда қолданылатыны белгіленсін:
«Сіздің жолданымыңызды қарау нәтижелерімен келіспейтін жағдайда Сіздің осы хабарламаны алған күннен бастап 3 (үш) ай ішінде дауды қарау үшін қаржы омбудсманына жүгінуге құқығыңыз бар. Жолданымды _______________ интернет-ресурсы арқылы беруге болады («Жолданым беру» бөлімі). Байланыс нөмірлері: _______________ (WhatsApp).».
62
20 қараша 2026 14:17
20 қараша 2026