Жаңаөзен — Маңғыстау облысындағы қала. Облыс орталығы — Ақтау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 150 км жерде, Маңғыстау үстіртінің оңтүстік-батыс етегіндегі жазық шөлді белдеуде орналасқан. Тұрғыны 159,102 мың адам (2022).
Алпысыншы жылдардың басында Өзен кенорнына барлаушы-геологтар түпкілікті қоныстанып, өздерінің зерттеу-барлау жұмыстарын жоспарлы жүргізді. Қызылсайда алғашқы мекен-жайлар пайда болып, жан-жақтан халық жинала бастады. Алғашында жертөлелер мен вагондар орналастырылып, соңынан сол маңдағы жерқабақтардағы жұмыс тастарды тұрғын үй тұрғызуға пайдаланады. Сөйтіп барлаушы-геологтар мекені Өзен поселкесі пайда болды. Түбекті игерушілердің жанқиярлық еңбегі босқа кетпеді. Алпысыншы жылдары Өзен кенорнынан газ бен мұнайдың көзі ашылды. 1964 жылы қазіргі мұнайшылар қаласының қазығы қағылып, қала типтес жұмысшы поселкесі пайда болды. Онда Маңғыстау жарты аралында тұңғыш рет мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды, бұл өлкеде екпінді құрылысшы бригадалары жасақталып, тұрғын үйлер мен мәдени нысандарды салу жұмыстары жүргізілді.
1968 жылы 21 қазанда Қазақ КСР Жоғары Кеңес Президиумының қаулысымен Гурьев (қазіргі Атырау) облысы құрамында Өзен ауданы құрылып Жаңаөзен поселкесі қала статусын алды.