Семейде қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу өтті

Семейде қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу өтті

Семей қаласында «Тарлан» спорт кешенінде Елорда күніне орай қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне «Шығыс Барысы» облыстық іріктеу жарысы өтті.
Жарыс шарты бойынша балуандардың жасы 18 жастан асқан, салмағы + 90 кг дәрежесінде болуы тиіс.
Облыстық турнирдің І кезеңі ақпан айында ауылдық округтерде өткен болатын.
ІІ-ші кезеңде аудандық, қалалық жарыстардың жеңімпаздары анықталды. Бүгін ұйымдастырылған ІІІ-ші кезеңде «Шығыс Барысы» облыс чемпиондары іріктелді. Олар біздің өңірді республикалық финалдық турнирде қорғайтын болады.
Жарыс басталар алдында Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүлдесіне арналған «Қазақ Барысы» республикалық турнирі айтулы әрі беделді жобалардың бірі. Бүкіл халық балуандарға қолдау көрсетіп отыр. Біздің Семей аймағынан шыққан чемпион жерлестеріміз Айбек Нұғымаров, Шалқар Жоламанов, Мұхит Тұрсыновты мақтан тұтады. Өткен жылғы республикалық турнирді жерлесіміз Дәурен Нұралинов жеңіп алды. Сіздер, жеңімпаз аға - буын өкілдерінің даңқты дәстүрлерін лайықты жалғайтындарыңызға сенемін», - деп атап өтті Бақытжан Байахметов.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Семей қаласының әкімі Бразилияда өткен XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында дзюдодан 3-орын алған семейліктерге «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен 100 мың теңге қаржылай сертификатты табыстады.
«Шығыс Барысы» турниріне 19 балуан қатысты.
Ауыр салмақты спортшыларға көрермендер ерекше қызығушылық тудырды. Өйткені олардан осындай турнирлерде үлкен үміт күтіледі. Олар-Айбек Қалибеков (133 кг), Қуаныш Рамазанов (131 кг), Еркебұлан Тұрмаханов (128 кг). Салмағы 148 кг болатын жарыстың ең жас және ең ауыр қатысушысы Бородулиха ауданының спортшысы Ахмет Түсіпбеков болды. Бірақ соңында, салмағы 100 келіден төмен спортшылар жеңімпаз атанды.
Турнир қорытындысы бойынша, 3-ші орынды Бесқарағай ауданынан Мерей Қабдоллаев, 2-ші орынды - Семей қаласынан Әсет Ахметжанов иеленді.
Ал бірінші орын мен «Шығыс Барысы» атағын Тарбағатай ауданының тұрғыны Елдар Бейсембаев жеңіп алды.
1-ші және 2-ші орын иегерлері осы жазда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық қорытынды турнирде біздің өңіріміздің намысын қорғайтын болады.