«Abai.institute». 2020 жылдың 18 қарашасында Қазақстанда және шетелде қазақ тілін оқыту және ілгерілету бағдарламасы шеңберінде әзірленген «Abai.institute» веб-порталының таныстырылымы өтті. Бұл еліміздің азаматтарына, шетелдегі қазақ диаспорасына және шетел азаматтарына қазақ тілін үйренуге мүмкіндік беретін, қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін дәріптейтін бірегей жоба. Сондай-ақ, «Abai.institute» Android және iOS қолдайтын мобильді қосымшада қолжетімді. Жоба Гете институтына немесе Пушкин институтына ұқсас етіп жасалған.
Портал 6 тілде (ағылшын, неміс, француз, орыс, түрік, парсы) ұсынылған.
АҚШ, Түркия, Франция, Германия, Австрия, Испания, Бельгия, Ресей, Иран, Чехия, Өзбекстан, Моңғолиядағы қазақ диаспорасы үшін қазақ тілін оқыту курстары өткізілді.
Сондай-ақ АҚШ, Ресей, Түркия, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия, Өзбекстан және т. б. елдерде қазақ тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру курстары өткізілді.
Бұдан басқа, шетелдегі қазақ диаспорасына қазақ тілін оқытуға арналған әмбебап басылым әзірленді. Басылымның А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде әзірленген мазмұны «Abai.institute» платформасына орналастырылды.
Түркияда, АҚШ-та, Ресейде, Францияда, Германияда, Бельгияда, Иранда, Моңғолияда және Өзбекстанда офлайн және онлайн оқыту өткізілетін қазақ тілі кабинеттері ашылды. Жобада шетелдегі отандастармен жұмысты ұйымдастыратын және жоғарыда аталған елдердегі қазақ тілі кабинеттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін «Отандастар қоры» КЕАҚ ерекше рөл атқарады. Портал Android Және iOS қолдайтын мобильді қосымшада қолжетімді.
«Tilqural.kz» - мемлекеттік тілді кезең-кезеңімен үйренуге арналған веб-сервис. Бұл қазақ тілін білмейтін ересектерге А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінде тіл үйренуге мүмкіндік беретін онлайн-курс. Тіркелгеннен кейін пайдаланушы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған тестілеуден өтеді. Тестілеу нәтижелері бойынша жүйе оқу курсын ұсынады (5 деңгейдің бірі).
Сайт сөздік қорды толықтыруға, жаңа сөздердің мағынасын түсінуге және оларды күнделікті өмірде қолдануға, еркін оқуға, өз ойларын ауызша да, жазбаша да жеткізуге, сөздерді дұрыс айтуға, сөйлемдерді сауатты құруға мүмкіндік береді.
Пайдаланушы Жеке кабинетте орындалған сабақтар бойынша статистиканы көре алады. Құрылымы бойынша «Duolingo» және «Lingualeo»-ға ұқсайды. Қосымшаны Android, iOS платформалары арқылы жүктеуге болады.
«Tilmedia.kz» мемлекеттік тілге қызықты әрі тиімді үйрететін үш тілді сайт.
Сайттың жұмысы мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін насихаттауға, оларды қолдану аясы мен әдістемесін кеңейтуге бағытталған. Тілдерді оқыту әдістемесі аудио және бейне мазмұнына негізделген.
Сайтта латын және араб графикасы қарастырылған.
Сайт «ақпарат», «қара», «тыңда», «оқы», «сұрақ-жауап» атты 5 блогтан тұрады және онда тіл саясаты саласындағы өзекті мәселелер туралы жаңалықтар, сабақтар, сабақтар, танымдық аудиожазбалар, балалар мен ересектерге арналған бейнероликтер, аудиокітаптар, әдістемелік құралдар, көркем және балалар әдебиеті және т.б. орналастырылған.
«Вalatili.kz» сайты қазақ тілін оқып, дамытқысы келетін үш жастан асқан балаларға, бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата-аналарға арналған. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы навигация жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді.
Сайтта баланың өзіндік жұмысына арналған жұмыс парақтары, ұcтаздар мен тәрбиешілерге, ата-аналарға әдістеме парақтары ұсынылған. Грамматика мен орфографияны үйренуге арналған материалдар, соның ішінде интерактивті әліпби мен ойындар, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған тапсырмалар, қосымшалар қарастырылған.
Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, интерактивке негізделіп жасалған жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылған.
Мамандардың лингвистикалық мәселелерге қатысты мақалалары, ғылыми еңбектері, сондай-ақ балабақшалар мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған оқу құралдары мен сабақ жоспарлары жарияланады.
«Qazaq sozi» - лексикалық минимумдар негізінде қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналған мобильді қосымша, қазақ тілін үйренушілерге базалық деңгейде қажет бастапқы сөздік қор ұсынады. Мобильді қосымша 2016-2017 жылдары шығарылған «Қазақ сөзі» оқу-әдістемелік құралдарының негізінде әзірленді.
«Tilorta» - тіл үйренудің тиімділігін арттыруға, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіруге, қазақ тілі оқытушылары мен тыңдаушылары үшін қажетті базаны қалыптастыруға бағытталған база.
Тұтынушылар: мемлекеттік және жекеменшік тіл орталықтарының, барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының оқытушылары, әдіскерлері, ел аумағында және шетелде қазақ тілін үйренуге мүдделі азаматтар.
Базаға мемлекеттік және жеке тіл орталықтары, оқытушылар туралы ақпарат, оқу-әдістемелік құралдар, кітаптар, қазақ тілін үйренуге арналған аудио-бейне материалдар жүктелген.
«Tilalemi.kz» - тіл саясатын іске асыру саласындағы жаңалықтар, лингвист-ғалымдардың мақалалары, республикалық конкурстардың, іс-шаралардың ережелері және т. б. орналастырылатын портал, сондай-ақ порталда кітаптар, мультимедиялық бағдарламалар, сөздіктер мен журналдар және т. б. қолжетімді.