Қолданыстағы кредит талаптарын талдау

Инструкция

Нарықты зерттеп алмай және алдамшы жарнамаға сеніп банктік кредит ресімдеуге асықпаңыз. Өзіңіз кредит ресімдегіңіз келетін екінші деңгейдегі банктің сайттарына мониторинг жасау және олардың кредиттік өнімдерін талдау қажет. Оңтайлы нұсқаны таңдап, менеджерден кредиттеудің барлық талабын: қарыз сомасын, төлемдердің мерзімдері мен мөлшерін, кредит алған немесе мерзімінен бұрын өтеген кезде комиссиялардың бар не жоғын, барлық пайызымен және төлемдерімен бірге кредиттің толық сомасының қандай болатынын, артық төлеу қанша болатынын және басқа да маңызды мәселелерді нақтылаңыз.

Әлеуетті қарыз алушы шарт жасасқанға дейін банк тарапынан клиентке қатысты туындаған барлық мәселе бойынша толық консультация беруге, сондай-ақ банктік қарыз беру мерзімі және тіркелген, өзгермелі сыйақы мөлшерлемесі туралы ақпарат беруге міндетті екенін білуі керек. Сондай-ақ, банк менеджері клиенттің жүгінген күніне жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін айтуы керек. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (әдетте ЖТСМ аббревиатурасын пайдаланады) – бұл кредиттік шарт бойынша қарыз алушы төлейтін барлық төлемнің жалпы сомасы.

Кредитті өтеу әдістері - сараланған және аннуитеттік

  • Біріншісі (сараланған) – кредиттеу мерзімі  ішінде теңбе-тең азаятын  теңдей  емес  ай сайынғы  төлемдерді білдіреді. Ай сайынғы төлем ай сайын азаяды, өйткені негізгі қарыз тең үлестермен өтеледі, ал пайыздар қарыздың қалдығына есептеледі.
  • Екінші жағдайда (аннуитеттік) әңгіме бүкіл кредиттеу мерзіміне созылған тең мөлшердегі ай сайынғы төлемдер жөнінде болып отыр. Берешекті өтеу кредиттеудің бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Негізгі қарыз бойынша төлемдер көбейеді, ал сыйақы бойынша төлемдер азаяды.

Ашықтықты арттыру мақсатында 2020 жылдан бастап жадынаманың жаңа нысаны жұмыс істейді, онымен банк менеджерлері клиентті банктік қарыз шартын жасасқанға дейін таныстыруы тиіс.

Қарыз алушыға арналған жадынамада мыналар:

  • қарыз сомасы және валютасы;
  • қарыз мерзімі; төлемдер саны;
  • сыйақы мөлшерлемесінің түрлері (белгіленген немесе өзгермелі), жылдық пайызбен немесе белгіленген сомадағы сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
  • шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеумен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
  • қарыз беруге және қызмет көрсетуге байланысты комиссиялардың, өзге де төлемдердің атауы мен мөлшері;
  • өтелетін жалпы сома;
  • сыйақының жинақ сомасы;
  • негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері;
  • банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес айыппұлдардың, өсімпұлдардың өзге де түрлері (оның ішінде қарызды мақсатсыз пайдаланғаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені және т.б.);
  • сақтандыру шарттарын жасасу қажеттілігі және оны ұзарту мерзімдері; банктің байланыс деректері (телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы, банк сайтының мекенжайы) туралы ақпарат бар.

Жадынамада көрсетілген қарыз беру талаптары банктік қарыз шарттарын басқа банктердің қарыз шарттарымен танысу және салыстыру мақсатында болжамды болып табылатынын білуіңіз керек. Соңғы талаптар шартта көрсетіледі. Сондықтан, шартқа қол қоймас бұрын оны бірнеше рет қайталап оқып шығу керек. Тәжірибе көрсеткендей, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштерінің көпшілігі азаматтардың банктік қарыз шартының барлық тармақтарымен толық таныспай қол қоюына байланысты.

Банктік қарыз шартына, жадынамадан басқа, титул парағы қоса беріледі, оның форматы банктер үшін бірдей.

Титул парағы:

  • қарыз сомасы және мерзімдері;
  • сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
  • өтеу әдістері мен тәсілдері;
  • банкке тиісті өтінішпен реттелетін негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеуге қарыз алушының құқығы;
  • шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақының (айыппұл, өсімпұл) мөлшері туралы ақпаратты қамтуға тиіс.
Дата обновления - 04.05.2023
Справочная информация
139