Көлік құралдарын көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша тіркеу және есепке алу тәртібі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы №862 бұйрығымен бекітілген көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларында (бұдан әрі – қағидалар) белгіленген.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушы ұсынатын құжаттардың тізбесі Қағидаларға сәйкес айқындалады.
Көлік құралының конструкцияға енгізілген өзгерістермен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы куәлікті ресімдеу үшін өтініш беруші әкімшілік полицияға мынадай құжаттарды ұсынады:
- көлік құралын иелену немесе пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын растайтын құжат;
- көлік құралын сәйкестендіретін құжат (көлік құралының паспорты), сондай-ақ көлік құралының мемлекеттік тіркелуін растайтын құжат (көлік құралын тіркеу туралы куәлік);
- көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізу мүмкіндігі туралы жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік басқару органы аумақтық бөлімшесінің шешімі;
- КО ТР 018/2011 8-қосымшасында көзделмеген жағдайларда көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізу мүмкіндігі және тәртібі туралы қорытындылар (жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік басқару органымен келісілген және базалық көлік құралын дайындаушы бекіткен, базалық көлік құралын дайындаушы немесе көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыстарды өндіруші әзірлеген, көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыстарды өндіруші әзірлеген көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізудің алдын ала техникалық сараптамасы немесе техникалық шарттары);
- көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізу кезінде пайдаланылған компоненттерге сәйкестік сертификаттарының (сәйкестік туралы декларация) белгіленген тәртіппен куәландырылған көшірмелері (бар болса);
- көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыстардың көлемі мен сапасы туралы өтініш-декларациялар;
- оның конструкциясына өзгерістер енгізілгеннен кейін көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігін тексеру хаттамасы;
- жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы техникалық регламенттердің, стандарттардың талаптарына, конструкциясына енгізілген өзгерістерімен, көлік құралының техникалық жай-күйін тексеру нәтижелері бойынша ресімделген диагностикалық карта.