БҚДА ҰАТ АҚ-НЫҢ ТАРИФТЕРІНЕ ТАЛДАУ ЖҮРГІЗДІ

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мұнай өнімдерін, этил спирті мен алкоголь өнімдерін өндіру және олардың айналымы, механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі саласындағы бақылау есептеу құралдарынан деректерді беру бойынша операторлық қызметті жүзеге асырады.
Нарық субъектілері бақылау есептеу аспаптарынан деректерді міндетті түрде мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін (МӨЖТ), этил спирті мен алкоголь өнімдерін (ЭСАӨ) есепке алу және техникалық байқау (ТБ БАЖ) бойынша ҰАТ АҚ-ның ақпараттық жүйелеріне береді.
Бұл функциялар нарық субъектілерінің қызметіне мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында іске асырылады. Бұл ретте операторлық қызмет ақпараттық жүйелерді пайдалану қызметтерін ұсыну арқылы қаржыландырылады, яғни пайдаланушылардан төлем алынады.
Нарық субъектілері, қауымдастықтар оператор қызметтерінің объективті баға белгілеу мәселесін бірнеше рет көтерді және есепке алудың бақылау аспаптарының деректерін беру құнын арзандату, сондай-ақ операторлық қызметті бәсекелі нарыққа беру туралы ұсыныстарды айтты.
Бизнестің өтінішін назарға ала отырып, «ҰАТ» АҚ-ның операторлық қызметі мәселесі БҚДА-ның бастамасы бойынша 2022 жылғы 31 мамырда Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысында талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға (ҚР ҚМ, ҚР ЭМ, ҚР ИИДМ) ақпараттық жүйелерді мемлекеттік органдардың теңгеріміне беру тетігін пысықтау және ақпараттық жүйелерді бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мүмкіндігін қарау тапсырылды.