
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы және Астана қаласы бойынша департаменттері автомобиль жолдарын жөндеу жөніндегі мемлекеттік сатып алулар саласында бірлескен тергеп-тексеруді аяқтады.
Тергеп-тексеру барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның автомобиль жолдарын жөндеу жөніндегі мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысушылар – «Бірлік Жол Строй» ЖШС мен «NNC Group» ЖШС арасында картельдік келісім жасасу фактісі анықталды. Аталған қатысушылардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 169-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына қайшы келеді.
Тергеп-тексеру нәтижелеріне қатысушылар әкімшілік іс жүргізу аясында сот тәртібімен шағымданды. Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар компаниялардың шағымдарын қанағаттандырудан бас тартты. Кейіннен «NNC Group» ЖШС-нің шағымы бойынша кассациялық сот алқасы сот актілерінің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберді.
Істі қайта қарау барысында соттар тергеп-тексеру объектісінің уәждерін негізсіз деп танып, Департаменттің ұстанымын қолдады. Екі жылға жуық уақытқа созылған сот талқылауларының қорытындысы бойынша Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен Департамент жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері заңды деп танылды. Қазіргі уақытта сот актісі заңды күшіне енді.
«NNC Group» ЖШС-не қатысты қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша компания әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сот шешімімен серіктестікке *92 млн теңгеден астам мөлшерде әкімшілік айыппұл салынып, мемлекет кірісіне 403 млн теңгеден астам монополиялық табыс өндірілді*. Серіктестіктің апелляциялық шағымы Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2026 жылғы 2 қыркүйектегі шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылды.
«Бірлік Жол Строй» ЖШС-не қатысты іс Астана қаласында, яғни заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша қаралды. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы қаулысымен компания ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Серіктестікке табысының 3%-ы мөлшерінде айыппұл салынып, монополиялық табысы тәркіленді. Қазіргі уақытта компания әкімшілік айыппұлды толық көлемде төледі.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген әрекеттердің жолын кесу, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу нарығында адал бәсекелестік қағидаттарын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда.