ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫҢ ПАРСИНГ ЖӘНЕ МОНИТОРИНГ ЖҮЙЕСІНІҢ ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ

БҚДА маманы Светлана Карпова ДЗ бағаларын қайта реттеу мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте дәрілік заттардың бағаларын мониторингтеудің (парсингтің) ақпараттық жүйесінің пилоттық жобасын таныстырды. Онда дәріханалардағы, бөлшек сауда, көтерме сауда желілеріндегі, дистрибьюторлар мен отандық өндірушілердің бағалары, референттік елдердегі бағалар туралы ақпарат жинақталатын болады. Бұл сервис ДЗ, медициналық бұйымдар тізілімін, дистрибьюторлар мен дәріханалардың прайстарын қамтитын болады. Онлайн режимінде жүйе өзгерістер кезеңін айқындай отырып, бөлшек сауда бағаларының серпінін қадағалауға, әрбір препараттың деректерін (дәрілік нысан, тіркеу деректері, шекті және орташа бөлшек сауда бағалары және т.б.) көруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, орташа бөлшек және орташа көтерме бағаның құны мен пайыздық айырмашылығы бірден есептеледі. Нарық қатысушылары барлық қажетті ақпаратты өз бетінше енгізе алады.
Осы платформада Денсаулық сақтау министрлігі мен БҚДА ҚР баға мониторингін жүргізіп, нақты уақыт режимінде қандай субъектілердің бағаны көтеретінін көре алады.
– Бүгінгі таңда ең бастысы – саланы қайта реттеуге дайындау, - деп атап өтті Серік Жұманғарин. – Біз дәрілік заттарға баға белгілеу парадигмасын өзгертуіміз керек, бұл бәріне – отандық өндірушілерге, тұтынушыларға, инвесторларға қажет. Бүгінгі күні қолданылып жүрген фармпрепараттар нарығындағы қатаң реттеу жүйесі дәрілік заттардың нарықтан шығарылуына ықпал етеді және оны нарыққа жаңа дәрілерді шығару тұрғысынан тартымсыз етеді. Реттелетін нарықтарға инвестор келмейді және бұл дәрілік препараттарды өткізу нарығында адал бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік бермейді.
Кеңес қорытындысы бойынша фармынк өкілдері ұсынылған баға мониторингі шеңберінде белгілі бір кезеңде ақпарат беруге, сондай-ақ Агенттік пен Денсаулық сақтау министрлігіне реттелмейтін дәрілік заттардың тізбесі, бағаның өсуін тежеу тетіктері бойынша ұсыныстар жіберуге дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, қатысушылар 2022 жылдың қаңтарында қайта мәжіліс өткізуге келісті, онда дәрі-дәрмектерді қайта реттеуді өткізудің түпкілікті жолдары мен тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда.