«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша жария тыңдаулар 12 сәуірде «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында оnline режимде өтті. Жария тыңдаулар «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Темір Шыңғыс Саматұлының төрағалығымен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА), бизнес субъектілері өкілдерінің және кәсіпкерлік субъектілері қауымдастығының өкілдерінің қатысуымен өтті. Заң жобасын әзірлеуші БҚДА болып табылады.
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында адал бәсекелестікке кедергі келтіретін негізгі проблемаларды шешуге, нарық субъектілері үшін тең жағдайлар жасауға, «негізгі қуатқа» қолжетімділікті кеңейтуге және кедергілерді жоюға бағытталған заң жобасын 2021 жылдың соңына дейін қабылдау туралы тапсырмасы Тұжырымдаманы әзірлеу үшін негіз болып табылады.
Тұжырымдамадағы Заң жобасының мақсаты Президенттің өткен жылғы желтоқсандағы № 984 Жарлығымен бекітілген бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың жаңа бағыттарын іске асыру болып айқындалды.
Заң жобасының тұжырымдамасында 11 бағыт көзделген:
1) цифрлық экономиканы реттеудің жаңа құралдарын енгізу;
2) мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін шектеу;
3) кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқарту;
4) мемлекеттік сатып алуда бәсекелестікті дамыту;
5) түйінді қуатқа тең қол жеткізуді қамтамасыз ету;
6) кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізуді қамтамасыз ету;
7) монополияға қарсы комплаенс институтын жетілдіру;
8) нормативтік құқықтық актілер жобаларының бәсекелестікке әсерін бағалауды енгізу;
9) сенім білдірілген тұлға институтын енгізу;
10) сұранысты қайта бағдарлау кедергілерін жою;
11) Бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның жекелеген іс-шараларын іске асыру жөніндегі өзге де шаралар.
Заң жобасын қабылдау тауар нарықтарының жұмыс істеуінің жүйелі проблемаларын шешіп қана қоймай, монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алудың шын мәнінде тиімді тетіктерін құруға мүмкіндік береді.
2021 жылғы 9 сәуірде Заң жобалау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті отырысы өтті, онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының тұжырымдамасы қаралды.
Талқылау нәтижелері бойынша ВАК мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Заң жобасының тұжырымдамасын мақұлдау ұсынылды.