Бүгін Желаев селолық округінің әкімі Арман Бисимбалиев өткен жылдың қорытындысы бойынша округтегі атқарылған жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ осы жылдың жоспарымен бөлісті. Шараға Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қатысып,тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жауап берді.
Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Желаев селолық округінде бүгінгі күні 2464 адам тұрады. Округте шағын және орта бизнесті дамыту аясында 2020 жылы 2 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда аталмыш 2 үйдің құрылысы бітіп, барлық пәтерлер пайдалануға берілді. Өткен жылғы есептік кездесуде тұрғындар көтерген ұсыныстар мен ескертулерін іске асыру мақсатында Құныскерей көшесіне автобус аялдамасы орнатылып, Самұрық көшесінде жаңа спорт және балалар алаңы пайдалануға берілген. Сондай-ақ көше жарық шамдары толықтай ауыстырылып, Құныскерей көшесі бойында ұзындығы 800 метрді құрайтын жаяу жүргінші жолының құрылысы жүргізілді.
Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. 2022 жылы бюджеттен бөлінген қаражат есебінен округ ішіндегі екінші деңгейлі М.Көпбергенов және Бірлік көшелеріне құм араласқан қиыршық тас орнату жұмыстарын жүргізу, жоғарыда аталған көшелерге жаяу жүргінші жолдарын салу, әкімдік ғимараты алдында Бірлік көшесі бойындағы бос жерге тұрғындардың демалыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында тынымбақ салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ көшелерді су басудан сақтау үшін Бірлік және Еңбекші көшелері бойына жауын суы ағатын кәріз салу, Құныскерей көшесіне қосымша автобус аялдамасын орнату, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер сатып алу, сонымен қатар Құныскерей көшесін жарықтандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілмек.
Жиында тұрғындар әкімге өздерін толғандырған сұрақтарын қоя алды. Тұрғындардың басым көпшілігі селолық округтен қалаға қатынайтын №14 маршруттың уақытылы жүрмейтінін жеткізді. Сондай-ақ тротуар тазалығы, қаңғыбас иттер мен балалар автобусын қайта шығаруға қатысты сұрақтар қойды. Барлық сұрақтарға қала әкімі, тиісті сала басшылары мен селолық округ әкімі жауап берді. Олар мәселелерді шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды атап өтті.
Кездесуді қала әкімі Абат Шыныбеков қорытындылап, тұрғындарды өз аумақтарын дамытуда бірігіп атсалысуға шақырды.
–Желаев селолық округі — қаланың үлгілі аумағына айналуы тиіс. Қазіргі таңда округте тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Округ аумағында орналасқан өндіріс ошақтары елдімекеннің абаттандыруына тиісті үлестерін қосу қажет. Сондай-ақ тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында қызмет көрсетуші әлеуметтік нысандар оның ішінде, спорт және өнер орталықтарын ашу қажет. Ол үшін инвестиция көздерін тарту жұмыстарымен жүйелі айналысуымыз қажет, – деді шаһар басшысы.
Жалпы селолық округте тұрғындар сұранысын қанағаттандыруға бағытталған жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Мұны кездесуге келген халықтың сөзінен де анық аңғаруға болады. Жиында тұрғындар округ әкімінің еңбегін оң бағалады.
Есептік кездесуден кейін қала әкімі А.Шыныбеков тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.