ҚАЛА ӘКІМІ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚАЛА ӘКІМІ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Сапалы білім елді еңселі болашаққа бастайды. Сондықтан жас ұрпаққа берілетін білімнің маңызы жоғары. Оқушыларға білім мен тәрбие беруде мектептердің жай-күйінің де заманауи сұранысқа сай болуы қажет. Осы орайда Орал қаласы мектептері жаңа өзгерістер енгізу арқылы дамуға бағыт алды. Қазіргі уақытта 35 мектеп миссиясын өзгертіп, жаңа жобалармен жұмыстануды бастады. Саладағы жаңашылдықтар мен оқушылар білімінің сапасы шаһар басшысы Абат Шыныбековтың қала мектептері басшыларымен кезесуінде талқыланды.
Оқу үдерісінде оқушылардың білім сапасы ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Өткен оқу жылында онлайн форматта оқыған шәкірттер биыл 2021-2022 жаңа оқу жылын толықтай оффлайн форматта бастады. Қашықтан оқу кезеңі оқушылардың білімінде олқылықтардың орын алғанын көрсетті. Жыл басынан олқылықтарды жою мақсатында жобалар қолға алынды, «Жазғы мектеп» жұмыс жасап, жазғы лагерьлерде қосымша сабақтар жүргізілді. Жиында білім бөлімі басшысының орынбасары Айтжан Дауымова I тоқсан қорытындысы бойынша оқушылардың білім сапасы мен оқу үлгеріміне тоқталды.
«Ұлттық ұстаз» онлайн академиясымен бірге «Басқарудың жаңа моделі» курсын бастады. Алты айлық курс аясында мектептердің басшылары өз ұжымымен бірге мектептердегі өзгерістер бойынша жобаларын дайындайтын болады. Оған «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының сарапшылары консалтингтік көмек көрсетпек. Курс аясында жуырда бір топ білім саласы қызметкерлері оңтүстік астана мен бас қаладағы үздік мектептердің басқару моделімен танысып келді. Осы ретте курсқа қатысушы 35 мектеп бүгінгі күні миссияларын жаңартып, трансформацияға бет бұруда. Шара барысында «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының басшысы Гүлмира Қорғанбаева курстың мақсат-міндеттері, күтілетін нәтижесі туралы хабардар етсе, үздік мектептердің моделімен танысып қайтқан директорлар өздерінің басқаруындағы білім ұйымдарына жаңашылдықтарды енгізу бағытындағы жұмыстары туралы айтты.
Кездесуді қала басшысы Абат Шыныбеков қорытындылап, білім сапасын көтеруде жұмыстардың деңгейін арттыруды тапсырды. Білім саласындағы нормативтік құжаттар аясында салаға мемлекет тарапынан жасалып отырған міндеттемелердің ұйымдастырылуына тоқталды.
– Жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен жыл сайын қаладағы мектептер материалдық-техникалық ресурстарын нығайтуда. Білімді ұрпақ – кемел келешегіміздің кепілі. Сондықтан мемлекет осы бағытты қолдауға ерекше мән беріп отыр. Осы орайда жобалық жұмыстарды жүргізумен қатар, бөлінген қаражаттың сұранысы болатынын ескеруіміз керек. Бұл – ең бастысы білім сапасының дәлелденуі, – деді Абат Абайұлы.
Қазіргі заманғы мектептер – зерттеушілік, цифрлық, кәсіпкерлік, жасыл, тілдік бағыттарда жұмыстанады. Осы ретте оралдық білім ұйымдарының бағыттарын айқындауы маңызды орында. Абат Абайұлы әр бағытты жүзеге асырудағы мектептердің мүмкіндіктерін алға тартты, соның ішінде цифрлық бағыттың заман талабы екенін жеткізді.
– Биыл қала мектептеріне 94 жаңа кабинет алынды. Оның ішінде мультимедия, робототехника, стем-лабораториялар бар. Оқушыларымыз осы кабинеттермен жұмыс жасап, нәтижесін көрсетуі керек. Әр мектеп өндіріс орындарымен байланыста болса маңызды. Мектеп жанындағы жылыжайлар, бақша үлескілерін дамытуда қаладағы жылыжай, бақ өсірумен айналысатын кәсіпкерліктерінің тәжірибелерін алуы керек. Бұл баланың үйренуге қызығушылығын арттырады, – деген Абат Абайұлы әр мектептің мақсатына сай мерзімі көрсетілген жол картасы болуы қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар қала басшысы білім ұйымдарында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылатын іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды.