Бүгін «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында «Мектепке жол» акциясы аясында «Атамекенге бір күн» іс-шарасы өтуде
Орал қалалық білім беру бөлімі ұйымдастырған шарада балалар мен ата-аналарға бір күндік демалыс өткізу жоспарланған. Мұнда оқушыларға арналған танымдық-тәрбиелік шаралар мен ата-аналарға құқықтық сауаттылық жөнінде тренинг сағаттары, сондай-ақ қайықпен серуендеу, караоке,йога жаттығулары ұйымдастырылатын болады.
– Бүгін әлеуметтік жағынан аз қорғалған 15 отбасының баласы ата-аналарымен «Атамекен» демалыс орталығына келіп демалуда. Іс-шарада танымдық және шеберлік сағаттары өткізіледі. Оқушыларды орта біліммен толық қамтылуына жағдай туғызып, олардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған шарада қаламыздың демеуші азаматтары ұсынған сыйлықтар таратылатын болады, – дейді қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Анаргүл Меңдіғалиева.
Қазіргі таңда қала бойынша әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыдан шыққан жалпы саны 3500-ға жуық оқушы әлеуметтік көмекті қажет етеді.
Бір күндік демалысқа қызымен келген №49 жалпы білім беретін мектептің ата-анасы Айгүл Рамазанова:
– Биыл сабақтың дәстүрлі форматқа өткеніне қуаныштымыз. Оқу жылының қарсаңында бізді қуантып, осындай шараға шақырту жасағандарына ризамыз. Көпбалалы ана болғандықтан,білім бөлімі тарапынан мектеп формасы және құрал-жабдықтармен жыл сайын көмектесіп отырады. Мұның өзі үлкен көмек, – дейді.