Орал қаласы әкімі Абат Шыныбековтің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтауы
Қымбатты оралдықтар!
Баршаңызды 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын!
1992 жылғы 4 маусымда бекітілген Мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Әнұран – мемлекетіміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы, халқымыздың мұқалмас рухын, салт-дәстүрін, қаһармандығы мен даналығын, жасампаз болмысын, болашаққа үмітін, асқақ арман-тілегін жеткізетін ең құнды, айшықты атрибуты.
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы!» деген сөзінде терең мағына жатыр. Дана халқымыз ұлттық намысын көк туымызға, кемел елдігін елтаңбаға, асқақ арманын әнұранға бойтұмар еткен. Әрбір азаматтың бойында қалыптасатын «көк тудың астында күн сөнгенше сөнбейміз» деген өршіл рух, асқақ ұран, отансүйгіштік қасиеттердің бәрі ең алдымен мемлекеттік рәміздерін құрметтеуден басталары сөзсіз. Өйткені, мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің ар-намысы, ұлттың айнасы, төл тарихымен тамырлас киелі дүниесі.
Әрқашан көк Туымыздың тұғыры биік болып, Елтаңбамыз елдік даңқымызды паш етіп, Әнұранымызбен мерейіміз үстем бола берсін!