Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың халықпен кездесулері жалғасуда

Жарияланған күні: 13 маусым 2023
Бүгін шаһар басшысы №37 жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратында Ескі әуежай, Жұлдыз, 10 шағынаудан тұрғындарымен кездесіп, көпшіліктің толғандырған мәселелерін тыңдады.
Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Жұлдыз шағын ауданы тұрғындары атынан Жанна Жанғалиева шағын аудандағы бірқатар мәселелерді көтерді. Оның ішінде электр желісін қалыпқа келтіру, саябақ салу, ит мәселесі, автобус аялдамаларын орнату, мектеп салу сынды мәселелер айтылды.
Сондай-ақ, тұрғындар жарықтандыру, қоғамдық көлік, жолға қатысты мәселелерді қала әкімі назарына жеткізді.
Кездесуде қала әкімі көпті алаңдатқан мектеп мәселесіне қатысты Жұлдыз шағынауданында 1500 орындық мектеп құрылысы 2024 жылы басталатынын жеткізді.
Биыл Надежда көшесіне Согласия көшесінен Тәуелсіздік көшесіне дейін және Кеңдала көшесінен Құспанов көшесі мен Малин көшесіне дейін қайта құру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Бұдан бөлек, қаладағы тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін су, жарықтандыру, қоғамдық көлік сынды мәселелерге де тоқталып өтті.
Кездесу соңында шаһар басшысы көтерілген мәселелерді шешу үшін тиісті мекемелерге тапсырма беріп, барлығын өз бақылауына алатынын, сондай-ақ, ел игілігі үшін жасалған және алда жасалатын жұмыстарға тұрғындар тарапынан да жанашырлық болуы қажеттігін атап өтті.
Кездесуден кейін қала әкімі құзырлы бөлім басшыларымен бірге тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.