Оралда ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада басталды
Спорттық шараға Орал қаласы әкімі аппараты, дербес құрылымдық бөлімдер, Орал қалалық мәслихат аппараты және қалаға қарасты кент, селолық округтердің мемлекеттік қызметшілері қатысуда. Барлығы 5 команданы құрайтын қатысушылар сайыста спорттың 9 түрі бойынша бақтарын сынайды.
Спартакиаданың ашылу салтанатында Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Мемлекеттік қызметшінің салауатты өмір салтын ұстануы қашанда маңызды. Олар барлық жағынан қоғамға үлгі болуы тиіс.
Жауапкершілікпен атқарып жүрген қызметтеріңізге ризашылығымды білдіремін. Осы спартакиадаға белсене қатысып, жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер, - деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар, жарысқа қатысушыларға Орал қаласының мәслихат хатшысы Есентай Қалиев сәттілік тіледі.
«Орал» спорт кешенінде басталған жарыстың алғашқы күні шағын футбол, үстел теннисі, қол күресі спорт түрлерінен өтуде. Спартакиада 25 желтоқсанға дейін жалғасатын болады.