Жоспардан тыс тексерулер мен қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық қадағалауды жүзеге асыру барысында жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қатер төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайда, қоғамдық қауіпті салдардың туындауын болғызбау мақсатында өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу және алып қою түрінде жедел ден қоюдың құқық шектеу шаралары қолданылады.
Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндіретін бұзушылықтарға: өнімнің техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеуі, техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген, сәйкестікті бағалаудан өтпеген өнімді айналысқа шығару, техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген өнімді сәйкестікті бағалау туралы құжаттарсыз немесе техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде мұндай құжаттардың бар-жоғы туралы мәліметтер болмаған кезде айналысқа шығару жатады
Жедел ден қоюдың құқық шектеу шаралары деп қадағалау субъектісіне ықпал ету тәсілдері түсініледі.
Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу барысында зертханалық сынақтардың нәтижелерімен техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтіні дәлелденген өнім алып қоюға жатады.
Өнімді алып қою қадағалау субъектісіне міндетті түрде орындау үшін табыс етілетін өнімді алып қою туралы қаулы негізінде жүзеге асырылады.
Өнімді алып қою туралы қаулыны орындамағаны үшін қадағалау субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін және жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндіретін алып қойылған өнім шаруашылық және өзге де қызметте қолдануға жатпайды және уәкілетті орган белгілеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экология заңнамасында, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы, азаматтық қорғау туралы заңнамасында белгіленген талаптар және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптары сақтала отырып жойылуға тиіс не кәдеге жаратылуы немесе қайта өңделуі мүмкін немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кері әкетілуі мүмкін.
Алып қойылған өнімді тасымалдауға (тасуға), сақтауға, жоюға, кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге немесе оны Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кері әкетуге байланысты шығыстарды қадағалау субъектісі көтереді.
Өнім таңбалау бөлігінде техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеген кезде өнім алып қоюға жатпайды.