Қайырлы күн, құрметті телекөрермендер және бүгінгі брифингке қатысушы БАҚ өкілдері!
Қазақстан халқы үшін 2021 жыл – маңызды жыл. Өйткені, биыл – қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады» деп атап көрсеткен болатын. 30 жылдағы толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының әрі барша қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік.
Бүгінгі баяндамамды Орал қаласының осы Тәуелсіздіктің бесігінде тербелген 30 жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуына арнағым келіп тұр.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан үшін зор жетістіктер кезеңі болды. Бұл кезеңде елімізбен бірге Орал қаласы да қарқынды дамып, әлеуметтік-экономикалық жағдайы еселеп артты. Ең бастысы, қала халқының тұрмыс-тіршілігі жақсарды.
Қазіргі таңда қала аумағы 720 шаршы километрді құрайды. Қала құрамында Зашаған, Круглоозерное, Деркөл кенттік округтері, сондай-ақ Желаев селолық округі бар.
Тәуелсіздік жылдары қаланың территориясы өсіп, 18 жаңа шағын аудан пайда болды. Атап айтқанда, Зашаған кентінде Сарытау, Жақсы ауыл, Кең дала, Болашақ, Арман, Көктем, Балауса шағын аудандары, Деркөл кентінде Көкжиек, Сарыарқа шағын аудандары және Қонаев, Қадыр Мырза Әлі, Астана, Жаңа Орда, Бәйтерек, Жеңіс, қаланың солтүстік-шығыс бөлігі, Ескі аэропорт, Жұлдыз шағын аудандары құрылды.
Тәуелсіздік алған жылы қала халқының саны 238 мың адамды құраса, қазіргі таңда қалада 322 мың адам тұрады, яғни халық саны 35% - ға өскен.
Қаланың өнеркәсіп өндірісінің көлемі тәуелсіздік жылдары 264,8 млн.теңгеден 183,8 млрд.теңгеге дейін ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 112 млн.теңгеден 107,5 млрд. теңгеге дейін өсті.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1994 жылы 360,7 млн.теңге болған. Қазір бұл көрсеткіш 10,5 млрд.теңгеге дейін ұлғайды, өсім 29,3 есе.
Жалпы, қаланың бюджеті 1998 жылы 722 млн. теңге болса, 2021 жылы 42,9 млрд.теңгені құрады. Қаланың даму бюджеті - 19 млрд. теңге, өсім 1998 жылмен салыстырғанда - 24,5 есе.
Өнеркәсіп өндірісі
Қаланың өнеркәсіп өндірісі машина жасау және металл өңдеу, ағаштан бұйымдар шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тамақ, тоқыма, тігін өнеркәсібі, резеңке, пластмасса бұйымдары, құрылыс материалдарының өндірісі кәсіпорындарынан тұрады. Тәуелсіздік жылдары қалада бірнеше кәсіпорындар құрылып, өндірістің көлемін арттырып, қаланың экономикалық дамуына үлес қосуда.
Мәселен, Орал қаласында 1992 жылы етті консервілеп өңдейтін «Кублей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайда болды. Алғашында өнімнің бір түрі ғана – «Бұқтырылған сиыр еті» тәулігіне 5100 банка көлемінде шығатын. Қазіргі таңда «Кублей» компаниясы консервіленген өнімдерді өндіру бойынша отандық нарықтың көшбасшысы болып табылады.
«Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» (УТПК) ЖШС 2003 жылғы тамызда Орал қаласында пластмасса бұйымдары зауытының базасында құрылды. Өндірістік кешен 12 цехтан және өнеркәсіптік кәсіпорындарға тән толық инфрақұрылымнан тұрады. Бүгінгі таңда компания сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, телекоммуникация жүйелеріне, технологиялық құбырларға арналған полиэтилен және полипропилен құбырларын, сондай-ақ металл жабындарды, профильді табақтарды, қосымша элементтерді, жол белгілерін және пластмассадан халық тұтынатын тауарларды шығаруға маманданған. Кәсіпорын жылына 30 000 тонна полиэтиленді қайта өңдейді.
1941 жылы негізін қалаған «Орал «Зенит» зауыты» Тәуелсіздік жылдары қарқынды дамып, қорғаныс-өнеркәсіптік құралдарды, машина жасау, кемелер мен катерлердің сериялық шығарылымын игеруде, Қазақстан Республикасынындағы өнеркәсіптің жаңа саласы - «әскери кеме» жасаудың пайда болуының негізін қалаушы болды. Өңіріміздегі ең қуатты әрі танымал кәсіпорын тәуелсіздік жылдары 34 кеме мен катер құрастырып шығарды.
2010 жылы күштік трансформаторлардың экспортқа бағытталған заманауи өндірісі – Орал трансформатор зауыты ашылды. 2015 жылы Орал трансформатор зауытынан шыққан алғашқы 300 трансформатор Ресейге экспортқа жөнелтілді. Қазіргі уақытта компания қуаты 35-500 кВ трансформаторға арналған панельді радиатор өндірісі жобасын іске асыруды аяқтады.
Тәуелсіздік жылдарында қалада басқа да көптеген компаниялар мен брендтер пайда болды.
Тұрғын үй құрылысы
Қаламызда тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Тәуелсіздік жылдары «Қолжетімді баспана», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңа шағын аудандар салынды.
Соңғы 10 жылда қалада аталған бағдарламалар аясында 65 көпқабатты тұрғын үй (420 мың шаршы метр) пайдалануға берілді.
2010 жылдан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан әртүрлі санаттағы тұрғын үй кезегінде тұрған 6 мыңға жуық отбасыға пәтерлер берілді.
Орал қаласында апатты үйлердің орнына жаңа үйлер салу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында қалада 19 үй сүріліп, оның орнына 10 жаңа көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Қазіргі таңда тағы да 6 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда қалада 1247 көпқабатты тұрғын үй бар. 2011 жылдан бастап күні бүгінге дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 143 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қалада тәуелсіздік жылдары негізін қалап, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, құрылысқа қажетті материалдарды шығаруға мамандаған бірқатар кәсіпорындар бар. Солардың бір бөлігіне тоқталып өтейін.
1998 жылы құрылған «Болашақ-Т» ЖШС – қазақстандық нарықта үлкен жұмыс тәжірибесі бар өндірістік-құрылыс компаниясы. Компания құрылған уақыттан бастап әлеуметтік жобаларды дамыту бағдарламасын іске асыруға қатыса бастады. Қазіргі таңда кәсіпорын өңірдің құрылыс нарығындағы көшбасшылардың бірі. Қаладағы көптеген тұрғын үйлер, қоғамдық ғимараттар, мектептер мен балабақшалардың құрылысын осы «Болашақ-Т» ЖШС жүргізді.
«Стекло-Сервис» ЖШС – Тәуелсіздік жылдарында, яғни 2001 жылы құрылған. Ол - әйнекті өнеркәсіптік қайта өңдеуді жүзеге асыратын, шыны бұйымдарын өндіруге арналған техникалық машиналардың толық автоматтандырылған жиынтығымен жабдықталған, Қазақстандағы әйнекті өнеркәсіптік өңдеу бойынша ең ірі орталықтардың бірі. Бүгінде «Стекло-Сервис» ЖШС итальяндық жабдықта шыныны өңдеудің барлық түрлерін өндіреді. Бұл жиһаз өнеркәсібін одан әрі пайдалану, жеке әйнектеу, тұтыну тауарларын шығару үшін әртүрлі өнімдерді алуға мүмкіндік береді.
2005 жылы «Силикат» ЖШС, «Орал силикат кірпіш зауыты» ААҚ және «Орал әк зауыты» ААҚ техникалық қайта жарақтандырудың және өндірісті дамытудың өзекті міндетін шешу үшін бірігіп, «Батыс Қазақстан Құрылыс Материалдарының Корпорациясы» акционерлік қоғамын құрды. Корпорация құрылыста пайдаланылатын материалдарды (силикатты кірпіш, әк, құрғақ құрылыс қоспалары, қуысты бетон және т.б.) шығаруға маманданған кәсіпорын болып табылады. Бүгінде кәсіпорын облыстың силикат кірпіші мен әкке деген қажеттілігін толық өтейді, өнімнің бір бөлігі республиканың көршілес облыстарына жеткізіледі.
Жол құрылысы
Орал қаласы бойынша автомобиль жолдарының ұзындығы 615 шақырымды құрайды. Оның ішінде асфальт-бетонды және қатқылтабанды жабыны бар жолдың ұзындығы - 443 шақырым (72 %).
Тәуелсіздік алған жылдан бастап күні бүгінге дейін қалада жалпы ұзындығы 442 км жол жөнделген. Бұл – 250 көше.
Коммуналдық желілерді салу және реконструкциялау
Қалада жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау бойынша жобалар «Ақ бұлақ», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде іске асырылды.
Соңғы 10 жылда 67,2 км сумен жабдықтау және су бұру желілері салынса, 51 км реконструкцияланды.
Аталған кезеңде жылумен жабдықтау желілері – 24,7 км, электрмен жабдықтау желілері – 108,2 км салынды.
2007 жылы Орал ЖЭО-да (ТЭЦ) газтурбиналық қондырғы салынды. Жаңа энергетикалық қуаттардың іске қосылуымен электр энергиясын өндіру өсті, облыстан тыс жерлерден сатып алынатын электр энергиясының үлесі төмендеді.
«Орал газтурбиналық электр станциясы» ЖШС 2011 жылы айында өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Когенерациялық типтегі газ турбиналы электр станциясы үш энергоблоктан тұрады. Қазіргі уақытта электр станция Орал қаласының тұтынушыларына электр және жылу энергиясын өндіреді.
Абаттандыру жұмыстары
Қазіргі таңда Орал қаласында 500-ге жуық көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы бар.
Биыл қалада 50 аула аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Соның ішінде шаһардың түрлі аудандарынан 20 спорт және балалар ойын алаңдары салынуда.
Орал қаласы бойынша 54 скверлер мен алаңдар бар. Оның 35-і абаттандырылған.
Сонымен қатар шаһардағы 25 субұрқақтың 14-не жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Былтырдан бастап қаладағы 13 мыңнан аса жарықшамды жарықдиодты шамдарға ауыстыру және жарығы мүлдем жоқ көшелерге жарық орнату бойынша жұмыстар атқарылуда.
Қоғамдық көлік қызметі
Қаланың жолаушылар көлігі 27 қалалық, 10 саяжай және 6 қала маңындағы маршруттармен қамтылған, оларда күн сайын 300 бірлік техника жұмыс істейді. 6 компания тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асырады.
Биыл қалалық тасымалдаушылар автобустарды жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда қалалық маршруттар жаңа 55 автобустармен толықты. Бұл жұмыстар жалғасын табады.
Орал қаласында 491 аялдама пункті бар. Соңғы 5 жылда қалада 74 жаңа аялдама павильондары орнатылды.
Білім беру
Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Оралда 19 мектеп, 26 мемлекеттік балабақша, 4 қосымша білім беру ұйымы ашылды. Қазіргі уақытта қаламызда 59 күндізгі мектеп, 50 мемлекеттік балабақша бар және 84 жеке балабақша мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасауда.
1986 жылы қазақ рухының қыраны Жұбан Молдағалиев қазақ мектептерінің аздығын айтқан болатын. Шынында сол жылдары қаламызда қазақ мектептерінің саны не бары 3 пайызды құрады. Ал бүгінгі күні Оралда қазақ тілінде білім беретін мектептер саны 87 пайызды құрайды. Яғни, қаладағы 58 мектептің 27-сі – қазақ тілінде, 7-і – орыс тілінде оқытады, ал қалған 24-сы – аралас мектептер.
1991 жылы 31 мың оқушы болған болса, бүгінде қала мектептерінде 59 319 (0-11 сынып) оқушы білім алуда. 16 мыңдай бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.
Денсаулық сақтау
Орал қаласында тәуелсіздік алған жылдан бастап халықтың денсаулығын нығайту мақсатында жалпы 4 аурухана және 2 емхана салынды.
1994 жылы Орал қаласында облыстық диагностикалық орталық ашылды. Нысан қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен қамтылған. Жыл сайын бұл жерден 30 мыңнан астам адам тексеруден өте алады.
Облыстық клиникалық ауруханада офтальмологиялық бөлімше 2009 ашылды. Бұл бөлімше Қазақстан мен Ресейдің біріккен жобасы негізінде өмірге келді.
Ал бір жылдан кейін Орал қаласының Зашаған кентінде 200 орындық жаңа үлгідегі көпбейінді балалар ауруханасы пайдалануға берілді. Аурухана «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде салынды. Аталған бағдарлама аясында №5 емхананың ашылу салтанатына өтті.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына Орал қаласында 150 кереуеттік жаңа онкологиялық диспансері ашылса, облыстық кардиологиялық орталығында Батыс Қазақстан облысының тарихында алғаш рет жүрекке ота жасалды.
Осыдан 5 жыл бұрын ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 300 төсектік қалалық көпбейінді аурухана пайдалануға берілді. Ауруханада нейро-инсульт орталығы, жалпытерапиялық, травматологиялық, гинекологиялық, әйелдер босанатын және басқа бөлімшелер жұмыс жасайды. Барлық заманауи керек-жарақтармен қамтылған ауруханада 140-тан астам дәрігер, 300-дей орта буын маманы еңбек етеді.
2014 жылы №6 қалалық емхана пайдалануға берілсе, өткен жылы 200 орындық жаңа модульді жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды.
Мәдениет және спорт
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ел мәдениеті мен спорты үшін жаңа кезең басталды деуге болады.
1991 жылдан бастап қалада 5 мәдениет және өнер орталықтары пайдалануға берілді. Олар: Х.Бөкеева облыстық қазақ драма театры, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы, «Достық» үйі, Салтанат сарайы және «Атамекен» концерттік залы.
Жиырма бірінші ғасырға аяқ басқан кезден бастап мәдениет саласы қарқынды дами бастады. Елбасының тікелей бастамасымен 2000 жыл - Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды. Мәдениетті қолдау жылы аясында елімізде мәдени ошақтар қайта жаңғыртылды.
Орал қаласы бойынша Тәуелсіздік жылдары идеологиялық тұрғыдан ескірген елді-мекен атаулары мен құрамдас бөліктердің 530-дан астамына жаңа атаулар берілді.
Тәуелсіздік жылдары қаламызда қазақтың біртуар тұлғалары Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Жұбан, Қадыр Мырза Әлі, Құрманғазы мен Дина және батыр қыздар - Әлия, Мәншүк, Хиуаз ескерткіштері орнатылды.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жастар мәдениет үйі жанынан «Ғасыр жастары» қоғамдық жастар театры және Мәдени-ағарту бірлестігі жанынан «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры құрылды.
Қала бойынша спорттық база желісі де дамып келеді. Тәуелсіздік жылдары Оралда «Намыс», кейін «Орал» спорт клубы, мүгедектердің спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін спорт клубы, ат спорты клубы, спортқа дарынды балаларға арналған спорт интернаты, «Жайық самалы» жүзу бассейні, Мұз сарайы ашылды.
«Орал» спорт клубына қарасты қаланың әр аудандарында тұрғындарға спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін 65 спорт алаңдары бар. Көшелерде Street Workout-тар саны артып келеді. Қаладағы фитнес клубтардың саны 10-ға жетті. Спорттың әр түрінен федерациялар ашылып, халықтың спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік берді.
Орал қаласында тәуелсіздік жылдары 85 мемлекеттік және 54 жеке спорт нысандары пайдалануға берілді.
Құрметті телекөрермендер және БАҚ өкілдері!
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Орал қаласының қай салада болмасын жеткен жетістіктері аз емес. Шаһарымыздың бүгінгі келбеті мен жеткен жетістігі туған өлкесіне жанашыр азаматтардың өлшеусіз қосқан үлесінің көрінісі.
Сүйікті қаламызды одан әрі көркейтуге біркісідей атсалысып, ынтымақ-бірлігімізді танытсақ, Тәуелсіздігіміз одан әрі нығая түспек.
Тыңдағандарыңызға рахмет!