Орал қаласының әкімі А.Шыныбековтың халық алдындағы есептік кездесуіндегі баяндамасының тезисі

Құрметті Орал қаласының тұрғындары!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы ел дамуының нақты векторларын анықтап берді.  Оның ішінде еліміздің әлеуметтік саласын жаңғырту мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру – мемлекет саясатының басты басымдығы екенін көрсетті. Ел Президенті жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыруда ауқымды міндеттер тұр.

Бәріңізге белгілі, өткен жыл өз ерекшелігімен есте қалды. Әлемді шарпыған пандемия барша адамзат үшін күтпеген оқиға болды. Осы тұста біз тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтау мақсатында бар күш-жігерімізді біріктіре білдік. Медицина саласының маңыздылығы артып, денсаулық – ең басты байлығымыз екендігін жете түсіндік. Көмекке мұқтаж жандарға қаламыздың жанашыр азаматтары мен ерікті жастар мейлінше көмек қолын соза білді.

Дер кезінде қабылданған нақты шаралардың арқасында күрделі кезең қиындықтарына қарамастан қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуының маңызды салаларында жақсы көрсеткіштерге, өсудің оң динамикасына қол жеткізе алдық.

2020 жылғы жағдай бойынша қала халқының жалпы саны 318 342 адамды құрады, бұл облыс тұрғындары жалпы санының 47% құрайды.

БЮДЖЕТ

Қала бюджеті жыл сайын үздіксіз өсіп келеді. Бұл бірінші кезекте, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі жүзеге асырылуының нәтижесі.

2020 жылдың қорытындысы бойынша қалалық бюджеттің көлемі 71,8 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде даму бюджеті – 17 млрд. теңге. (барлық бюджеттің 23%-ы).

Қала бойынша мемлекеттік бюджетке 107,9 млрд. түсім түсті. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 2%–ға өсті (105,4 млрд.теңге).

Қалалық бюджеттің 38%-ы (27,6 млрд.теңге) білім беру саласына, 21%-ы (15,7 млрд. теңге) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына және 21%-ы (15,7 млрд.теңге) құрылысқа бағытталды.

ӨНЕРКӘСІП

2020 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 183,8 млрд. теңге болды. Өндірістің жалпы көлеміндегі негізгі үлес өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі (73%), онда өндіріс көлемі 134,4 млрд. теңгені құрады.

ИНВЕСТИЦИЯЛАР

Былтыр қала экономикасына түскен инвестициялар көлемі 107,6 млрд. теңгені құрады, бұл 2019 жылдың деңгейінен 13,5%–ға артық (88,3 млрд.теңге).

Қаланың негізгі капиталына салынған инвестициялардың негізгі көзі жеке инвестициялар болып табылады.

Жеке инвестициялар есебінен құны 15,3 млрд. теңге болатын 30 объект іске қосылды. Бұл 518 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Жалпы, негізгі капиталға салынған инвестициялар жан басына шаққанда 339,8 мың теңгені құрады, бұл 2019 жылғы деңгейден 11,9%-ға жоғары (283,1 мың теңге).

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ

2020 жылы Орал қаласында «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 20,3 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде тұрғын үй құрылысына – 13,3 млрд. теңге, инженерлік инфрақұрылымға – 7 млрд. теңге қарастырылды.

Қалада былтыр 1251 пәтерлі 7 көппәтерлі тұрғын үй (64,9 мың м2) салынды. Оның ішінде 414 пәтер кезекте тұрған азаматтарға берілді. 2019 жылмен салыстырғанда аталған бағдарлама арқылы тұрғын үйдің пайдалануға берілуі 16,7%-ға өсті.

Жеке инвестициялар есебінен 33 көппәтерлі тұрғын үй (144,9 мың м2) пайдалануға берілді.

Сонымен қатар 25 адамға әлеуметтік  көмек түрінде 12,4 млн. теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификаттары берілді.

2020 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында апатты үйлердің орнына 2 үй салынды.

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ

Орал қаласы бойынша автомобиль жолдарының ұзындығы                      615 шақырымды құрайды. Оның ішінде асфальт-бетонды және қатқылтабанды жабыны бар жолдың ұзындығы - 422 шақырым (68,8 %).

Өткен жылы қаламызда ұзындығы 65,5 шақырымға жететін 55 көшенің (11,5 млрд. теңгені) жолдары күрделі жөндеуден өтті. Атап айтсам, Зашаған кентінде – 18,9 км, Деркөл кентіндегі Б.Майлин көшесі – 1,3 км, қаланың орталық көшелерінде – 12,6 км, қаланың солтүстік-шығыс ауданында – 10 км және Ет комбинаты ауданында – 9,4 км.

Өткен жылғы маңызды жаңалықтардың бірі - Нефтебаза ауданындағы қаладағы маңызы зор жол өткелі халық игілігіне берілді.

КӘРІЗДІК ЖҮЙЕЛЕРДІ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ

Қала бойынша кәріздік жүйелердің жалпы ұзындығы 377 км құрайды. Былтыр біз осы кәріздік коллекторларды жаңғырту жұмыстарын жүргіздік.

2020 жылы кәріз коллекторларының 23,4 км-на жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар Зашаған кентіндегі «АТП Водстрой» қазандығы жаңғыртылды.

ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ

Қалада тұрғын үй кешенін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 258,1 млн. теңгеге 17 нысан бойынша жаңғырту жұмыстары атқарылды. Оның ішінде 14 жедел саты ауыстырылды.

ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ

Былтыр қаладағы жол қауіпсіздігін күшейту әрі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 74 жасанды жол тегісеместігін (оның 24-і әлеуметтік нысандарға) және 34 бағдаршам (оның 21-і жаяу жүргіншілерге арналған) орнатып, 401 жаяу жүргінші өткелдерін жасадық.

ЖАРЫҚТАНДЫРУ

Бүгінгі таңда қала бойынша жалпыға ортақ көшелердегі 10650 жарықшамдар жарықдиодты шамдарға ауыстырылса, жаңадан 550 жарықдиодты шамдар орнатылды.

Жарықдиодты шамдар 209 көшеге, 62 әлеуметтік нысандардың қасындағы жаяу жүргінші өткелдеріне және 38 мектепке қойылды.

АБАТТАНДЫРУ, КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ

Бүгінгі күні жаңа шағын аудандарды қоспағанда, облыс орталығында 498 аула бар. Былтыр 11 аула аумақтарын абаттандыру жұмыстарын жүргіздік (400 млн. теңге). Бұл аулаларда 33 көпқабатты тұрғын үй, 2500 пәтер бар.

Негізінен жобада кіреберіс жолдар салу, асфальт-бетонды жабын төсеу, брусчаткаларды төсеу, борттық тастарды, балалардың ойын алаңдарын, спорт алаңдарын және кіші сәулеттік үлгілер (орындықтар және қоқыс жәшіктері түрінде) орнату сияқты жұмыстар қарастырылған.

2020 жылы қалада Назарбаев, Абай даңғылдары мен Құрманғазы көшелерін қамтитын кіші және үлкен арық жүйелерін жөндедік. Сондай-ақ Некрасов көшесінің бойындағы бассейнды абаттандырып, қала тұрғындарының серуендеп, демалатын орнына айналдырдық. 

         Сонымен қатар өткен жылы 3 сүбұрқақты күрделі жөндеуден өткіздік.

2020 жылы қаланы көгалдандыру бойынша 3 жылға арналған 5 жобаны жүзеге асыруды басталды. Абаттандыру жұмыстары М.Мөңкеұлы алаңы, Зашаған кенті,Тұңғыш Президент алаңы,  Астана және Қадыр Мырза Әлі шағын аудандарын, Орал қаласындағы гүлзарлар мен тынымбақтарды көгалдандыру бойынша жүзеге асырылуда.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ

Төтенше жағдай кезінде мемлекет тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсетті. Атап айтқанда, Төтенше жағдай кезінде Орал қаласы бойынша уақытша табысcыз қалған 83 мың азамат 3,5 млрд. теңге көлемінде көмек алды. Сол кезеңде 16730  адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді.

ЕҢБЕК НАРЫҒЫ

2020 жылы жұмысқа орналасу мәселесімен 12 072 адам жолығып, 5 927 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, соның ішінде:

  • 2875 адам тұрақты жұмысқа;
  • 421 адам жастар практикасына;
  • 1966 адам қоғамдық жұмыстарға жолданды;
  • 321 адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар берілді;
  • 44 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 45 адам қысқа мерзімді оқу курстарына, 200 адам Бастау-Бизнес жобасы бойынша оқуға жолданылса, 53 адам несие алды.

БІЛІМ

Баршаңызға мәлім, биылғы оқу жылы басқа жылдарға қарағанда өзгеше басталды. Бастауыш сыныптар ата-аналар өтініші негізінде  кезекші сынып құру арқылы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, штаттық режимде оқытылады. Қазіргі таңда кезекші сыныптарда 26714 оқушы  білім алуда. Сондай-ақ 9 және 11 сынып оқушылары (5482) офлайн түрінде оқып жатыр.

Үйде оқып жатқан балаларымыз да бар. Олардың саны – 20416. Осы орайда компьютер мен интернет мәселесі алдыңғы орынға шығады, бұл әсіресе қиын өмірлік жағдайға душар отбасыларға қатысты айтылып отыр. Мектеп оқушыларына қашықтан оқуға жағдай жасау үшін барлығы 1745 компьютер мен ноутбуктер және 600 планшет алынды.

Жақсы жаңалықтарымызды атап өткім келеді. Биылғы оқу жылында эстетикалық бағыттағы мектеп гимназиясы жаңа ғимаратқа көшті. Сондай-ақ Зашаған кентіндегі 900 орындық мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, №38 мектеп-лицейіміз сол су жаңа ғимаратқа көшті. Бұл бір жағынан мемлекеттік шығындарды азайтуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан Зашағандағы мектеп оқушыларына лицейде білім алуға қолжетімділік жасадық. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында №21, №25 және №45 орта мектептерімізде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді (1 млрд. 800 млн. теңге). Аталған шаралар қаламыздағы апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге мүмкіндік туғызады.

МӘДЕНИЕТ

Орал қаласында тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қолданыстағы нысандарды белсенді және тиімді пайдалану үшін Ет комбинаты аумағында «Арай» комьюнити орталығы және кітапхана филиалы ашылды. Зашаған кентіндегі «Бәйтерек» аула клубы жаңа ғимаратқа көшіріліп, комьюнити-орталық ретінде қайта құрылды. Сонымен қатар, Желаев ауылының №14 ЖОББМ жанынан жалпы 100 бүлдіршінге арналған шағын орталықтың тұсауы кесілді. Сонымен қатар №6 кітапхана-филиалы күрделі жөндеуден және «Жастар мәдениет үйі» ағымдағы жөндеуден өткізілді.

Қаламыздың мәдени өміріндегі маңызды жаңалық – ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссиясының оң қорытындысы берілген соң Орал қаласындағы 52 көшелерге жаңа атау берілді, тарихи тұлғалардың есімдерімен аталды.

Биыл Жеңістің 75 жылдығына орай және негізінен онлайн режимде өткен дәстүрлі «Қала күні» мерекесі аясында Жеңіс алаңындағы аспан астындағы музейге соғыс кезіндегі әскери техникалар, атақты «Катюша», «Полуторка» машинасы қойылды, «Орал қаласы сұрапыл соғыс жылдарында» кітабы жарық көрді, «Ардагер» клубы қайта жаңғыртылды. «Ізгілікті қала» мүсіншілер симпозиумында ұсынылған тамаша мүсіндер қаламызға сән береді.

СПОРТ

Қаламызда бұқаралық спортты дамыту және бұған қолайлы жағдай жасау – басты міндеттеріміздің бірі. Спортпен белсенді шұғылданатын тұрғындарымыздың саны 95 мыңнан асты, бұл – жалпы қала халқының 30 пайызын құрайды.

Былтыр қаламызда 12 спорт алаңы ашылды, 10 спорттық алаң күрделі жөндеуден өтіп, 3 спорт кешені мен 3 спорт залдары пайдалануға берілді. Есенжанов көшесінде «Омега спорт» спорт кешенінің құрылысы аяқталып келеді.

Бүгінгі таңда қалада 40-қа жуық мұз айдындары, 7 шаңғы тебетін орындар бар.

   Қымбатты оралдықтар!

       Келіп жеткен 2021 жыл қаламыздың барлық жағынан дамуы үшін оң жыл болады деп үміттенеміз. Алдымызда маңызды міндеттер мен атқарар ауқымды істер күтіп тұр. Өздеріңіз көргендей көптеген қиындықтарға қарамастан өткен жылы аз жұмыс атқарылған жоқ.  Жолдауда айтылған басымдықтарға тоқтала отырып, іске асыратын жұмыстар жеткілікті. Шаһарымыздың әлеуметтік-экономикалық өркендеуі үшін жоғарыда атап өткен жоспарларды бірлесе атқарамыз деп сенемін. «Біздің күшіміз – бірлікте» болғанда ғана, туған жеріміз гүлденбек. Уақыт талабы мен қоғамдағы өзгерістерді лайықты қабылдап, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындайтын боламыз. Барша жерлестеріміз өздерінің күш жігерлері мен білімін, тәжірбиесін ел игілігі ортақ істі жүзеге асыруға жұмсаса, 2021 жылы алға қойған мәселелерді бірге шешіп, биік асуларды бірге бағындыратынымыз анық.

Дата публикации
04 февраля 2021