Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері туралы

Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері туралы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Талдау 2023–2025 жылдарды және 2026 жылдың ағымдағы кезеңін қамтыды.

Талдау барысында кадрлық процестер, қызметкерлерді тағайындау және біліктілік талаптарының сақталуы, сыйлықақылар мен материалдық көмектерді тағайындау, мемлекеттік сатып алу, бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану, әлеуметтік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсету, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардағы ішкі бақылау мәселелері зерделенді.

Кадрлық салада қызметкерлердің ауысымдылығының жоғары деңгейі байқалды. Мәселен, Бөлімде штаттық саны 22 бірлік болған кезде кадрлардың ауысымдылығы 59,1%-ды, штаттан тыс қызметкерлер арасында 70,6%-ды құрады. Ведомстволық бағынысты ұйымдарда да қызметкерлерді қабылдау және жұмыстан босатудың едәуір деңгейі анықталды.

Сонымен қатар жекелеген қызметкерлерді лауазымға тағайындау кезінде біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды толық тексеру, ерекше тәртіппен тағайындау кезінде шешімдерді негіздеу және басқа қызметкерлердің міндеттерін жүктеу кезінде біліктілік талаптары сақталмаған. Сыйлықақылар мен материалдық көмекті тағайындау кезінде объективті және алдын ала белгіленген критерийлердің жеткіліксіздігі, сондай-ақ уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін атқарғаны үшін қосымша ақы белгілеу мәселелерінде тәуекелдер орын алды.

Мемлекеттік сатып алу саласында сатып алу құжаттамасын әзірлеу, бәсекелестікті қамтамасыз ету, сатып алу тәсілін таңдау және шарттардың орындалуын бақылау кезінде тәуекелдер анықталды.

Бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану барысында ішкі бақылаудың жеткіліксіздігі, қаржылық міндеттемелерді орындау және әлеуметтік қызметтерді қаржыландыру мәселелері зерделенді. Сонымен қатар әлеуметтік қызметтерді нақты көрсетуді растау, жеке көмекші қызметін бақылау және үйде күтім көрсету кезінде қызмет алушылардың құқықтарын айқындау мәселелеріне назар аударылды.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету және ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметінде құжат айналымын цифрландыру, қызмет көрсету процестерінің ашықтығы, ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайы және ішкі бақылау тетіктерін жетілдіру қажеттілігі анықталды.

Талдау нәтижесінде анықталған тәуекелдердің негізгі себептері ретінде ішкі бақылау тетіктерінің жеткіліксіздігі, жекелеген процестердің толық автоматтандырылмауы, шешім қабылдау кезінде объективті критерийлердің жеткіліксіз регламенттелуі және деректерді бақылау мен верификациялау тетіктерінің әлсіздігі айқындалды. Осылайша, сыртқы талдау қорытындысы бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға, кадрлық және қаржылық процестердің ашықтығын арттыруға, мемлекеттік сатып алуды бақылауды күшейтуге, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен нақты көрсетілуін қамтамасыз етуге және ішкі бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған 30 ұсыным әзірленді.

Жарияланған күні

13 қазан 2026 17:44

Жаңарту күні

13 қазан 2026