Астанада Туризм және спорт министрлігінің Алқа отырысы өтеді

29 қаңтарда елордада ҚР Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысы өтеді. Іс-шара министрліктің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары мен 2026 жылға қойылған негізгі міндеттеріне арналады.
Алқа отырысы Астана қаласы, Тұран даңғылы, 59 мекенжайында орналасқан Жеңіл атлетика спорт кешенінде өтеді. Басталуы – 15:00. Іс-шараға шамамен 250 адам қатысады.
Алқа отырысы аясында Туризм және спорт министрлігінің вице-министрлері Серік Жарасбаев пен Бауыржан Рапиков, сондай-ақ өңірлік басқармалардың, ұлттық компаниялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері баяндама жасайды. Жиын барысында дене шынықтыру және спорт, туризм салаларындағы, ойын бизнесі мен лотереяны реттеу, сондай-ақ саланы цифрландыру бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындылары талқыланады.
Алқа отырысы Туризм және спорт министрлігінің ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.