Жиі қойылатын сұрақтар

Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің (Қазақстан 2005 жылғы 21 қарашада ратификациялаған) ережелерімен біздің мемлекет әр адамның өз еркiмен таңдап алған немесе өз еркiмен келiскен еңбегімен күнкөрiс жасау мүмкiндiгi құқығын қамтитын еңбек етуге құқығын мойындайды (6-бап),  және әркiмнiң әділетті және қолайлы еңбек жағдайына ие болу құқығын таниды (7-бап).

Бұл құқық құндылығы бiрдей еңбектерi үшiн ешбiр айырмашылықсыз әдiл жалақы мен бiрдей сыйақы алуды; қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына жауап беретiн еңбек жағдайды; еңбек өтiлi мен бiлiктiлiгiнiң негiзiнде ғана жұмыста тиiстi жоғары сатыларға көтерiлуi үшiн бәрiне бiрдей мүмкiндiк берiлуiн; тынығу, бос уақыт және жұмыс уақытының орынды шектелуi, мерзiмдi ақылы еңбек демалысы, сонымен қатар, мереке күндерiнде iстеген жұмысы үшiн сыйақы алу құқықтарын қамтиды.

Біздің еліміздің Конституциясыменде жоғарыда аталған құқықтар әркімнің бәріне бекітілген (24-бап).

Еңбек даулары туындаған кезде (жалақының кешігуі, демалыстың берілмеуі, заңмен белгіленген демалыс күндерінің берілмеуі, өтемақы мен басқа да төлемдердің төленбеуі, заңсыз жұмыстан босату, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың бұзылуы, жазатайым оқиғалар және т.б.) еңбек заңнамасын басшылыққа алу қажет.

Еңбек кодексінде еңбек заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі адамдардың заңдарға сәйкес жауап беретіндігі бекітілген (14-бап).

Осыған байланысты еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың, халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылауды аумақтық мемлекеттік еңбек инспекциясы жүзеге асырады (байланыс деректерін ЕХӘҚМ сайтында көруге болады).

Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін құқықтары бұзылған өтініш беруші өзінің уәждерін, бұзушылықтың нақты мәнін, жұмыс берушінің мекен-жайы мен атауын көрсете отырып және дәлелдеме бола алатын қосымша құжаттар болған кезде өздігінен немесе сенім білдірілген адам арқылы мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы.

Құқықтары бұзылған жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жоспардан тыс тексеру Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізіледі (144-бап). Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықты растау анықталған жағдайда әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады.

Сонымен бірге, біздің еліміздің заңнамасы өз азаматтары үшін жеткілікті құқықтық қорғау құралдарын қамтамасыз етеді және жұмыс берушінің және еңбек саласындағы уәкілетті органның әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) келіспеген жағдайда өтініш беруші сотқа тиісті талап-арызбен жүгінуге құқылы.

Бұдан басқа, Еңбек кодексінде жеке еңбек дауларын – келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша соттар қарайды деп көрсетілген (159-бап).

Егер сіздің еңбек құқықтарыңыз бұзылған болса, оларды қорғаудың жоғарыда аталған әдістерін қолданыңыз.