Жиі қойылатын сұрақтар
Қысқа жауап:
Егер өтініште өтініш беруші Мемлекеттік орган басшылығының жеке қабылдауын сұрайтын мәселенің мәні көрсетілмесе
Толық жауап:
Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының азаматтарды жеке қабылдауын ұйымдастыру және өткізу тиісті нормативтік құқықтық акт (2023 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы) талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Егер көтерілетін мәселе олардың құзыретіне қатысты болса, мемлекеттік органдар қабылдауды өткізу кезінде басқа мүдделі органдардың өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етеді (Регламенттің 18-тармағы). Жеке қабылдауға арналған өтінішті қарау бойынша жауапты орындаушы Регламентте белгіленген мерзімдерде материалдарды жинауды және талдауды қамтамасыз етеді, өтініш берушіні қабылдау кестесіне енгізу туралы одан әрі шешім шығару үшін мемлекеттік орган басшысының атына анықтамалық ақпаратты (бұдан әрі – анықтамалық ақпарат, Регламенттің 26-тармағы) дайындайды. Өтініш берушінің жеке қабылдауында талқылағысы келетін мәселенің мәні туралы нақты мәліметтердің болмауы мемлекеттік органның басшылығы үшін объективті анықтамалық ақпарат жасауға мүмкіндік бермейді. Өтініштің мәні міндетті талаптарының бірі болып табылады (Әкімшілік рәсімдік-процесуалдық кодектің 63-бабы 2-тармағы 3-тармақшасы). Мұндай жағдайда , жеке қабылдауды тиісті ұйымдастыру үшін материалдарды жан-жақты, толыққанды жинауды және талдауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік орган өтініш берушіге өтінішті ары қарай қарау үшін белгілі бір мерзімде ӘРПК-нің белгіленген талаптарына сәйкестендіруді ұсынуы мүмкін. Мысалы: Егер өтініш беруші: «Менің Техникалық реттеу және метрология комитетіне шағымым бар» деп көрсетсе, бірақ мәселенің нақты не екенін нақтыламаса, Мемлекеттік орган өтініштің мәнін анықтай алмайды. Бұл әртүрлі мәселелерге қатысты болуы мүмкін: сәйкестік сертификатын беруден бас тарту, құжаттарды қарау мерзімдерін кешіктіру, лауазымды тұлғалардың дұрыс емес әрекеттері немесе тіркеу кезіндегі техникалық қателер. Мұндай нақтылаусыз тиісті бөлімшелерді тарту, қажетті материалдарды сұрату және Министрлік басшылығы үшін объективті анықтамалық ақпарат дайындау, сондай-ақ қажет болған жағдайда мүдделі органдардың қатысуын қамтамасыз ету мүмкін емес.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K2000000350
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2300000214
Қысқа жауап:
Иә, тауар туралы мәліметтер өзгерген жағдайда ақпаратты жаңартуға болады.
Толық жауап:
Тауардың атауы, сипаттамасы, өлшем бірлігі немесе басқа сәйкестендіру белгілері өзгерген жағдайда Ұлттық тауарлар каталогындағы мәліметтерді өзектендіруге мүмкіндік қарастырылған.
Бұл каталогтағы ақпараттың өзектілігін қамтамасыз етеді.
Мысалы:
Өндіруші өнімнің қаптамасын өзгертіп, көлемін 0,5 литрден 1 литрге ауыстырды. Осыған байланысты тауар карточкасындағы ақпарат жаңартылуы тиіс.
ҚР Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 31 шілдедегі №232-НҚ бұйрығы «Ұлттық тауарлар каталогын жүргізу және тауарларды тіркеу қағидаларын бекіту туралы»
Қысқа жауап:
Тауар туралы мәліметтер болмаған жағдайда оны өндіруші, импорттаушы немесе тауар айналымына қатысушы кәсіпкер тіркей алады.
Толық жауап:
Егер тауар туралы ақпарат Ұлттық тауарлар каталогында болмаса, тауарды нарыққа шығаратын субъект оның карточкасын тіркеуге өтінім бере алады. Тіркеу нәтижесінде тауарға бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі.
Бұл тауар туралы ақпаратты біріздендіруге және барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бірдей деректерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Мысал:
Импорттаушы Қазақстанға жаңа брендтегі кофе өнімін әкелді. Тауар Ұлттық тауарлар каталогында жоқ болғандықтан, импорттаушы оны каталогқа тіркеп, бірегей сәйкестендіру нөмірін алады.
ҚР Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 31 шілдедегі №232-НҚ бұйрығы «Ұлттық тауарлар каталогын жүргізу және тауарларды тіркеу қағидаларын бекіту туралы»
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2500036544
Қысқа жауап:
Экспортты мемлекеттік қолдау шаралары және консультациялық сүйемелдеу туралы ақпарат алу үшін кәсіпкерлер Қазақстанның Экспорттық порталын, «QazTrade» АҚ-ның Telegram-арнасын, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп жұмыс істейтін Бірыңғай байланыс орталығын, сондай-ақ «Экспорттаушының жеке кабинеті» сервисін пайдалана алады.
Сонымен қатар консультациялық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бизнес өкілдерімен кездесулер, көрмелер мен форумдарға қатысу, сондай-ақ кәсіпорындарға бару барысында жүзеге асырылады.
Толық жауап:
Қолданыстағы қолдау құралдары туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Агенттік кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл жасаудың түрлі арналарын пайдаланады.
Қазақстанның Экспорттық порталы арқылы кәсіпкерлер экспортты қолдау шаралары, оларды алу шарттары мен мерзімдері, сондай-ақ экспорттаушылар үшін пайдалы өзге де ақпаратпен таныса алады.
«QazTrade» АҚ-ның Export Telegram-арнасы арқылы экспорттаушыларға қатысуға болатын маңызды іс-шаралар туралы хабарламалар, сондай-ақ іскерлік ұсыныстар, қызметтер, шақырулар және экспорттаушылар үшін қызығушылық тудыратын өзге де ақпарат жарияланады.
Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп Бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Оның көмегімен кәсіпкерлер қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары, оларды алу шарттары және өтінім беру тәртібі бойынша консультациялар ала алады.
Өтінімдерді беру процесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Экспорттаушының жеке кабинеті» сервисі іске қосылған. Бұл сервис онлайн режимде Агенттіктен кеңес алуға, қолдау шараларын алу үшін өтінім беруге және оның қаралу мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Агенттік қызметкерлері тұрақты негізде бизнес өкілдерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, халықаралық және өңірлік көрмелерге, форумдарға, өңірлік экспорт кеңестерінің отырыстарына қатысады, тауар өндірушілермен, жергілікті атқарушы органдармен және екінші деңгейлі банктермен кездесулер ұйымдастырады. Сондай-ақ экспорттық қызметті дамыту және Агенттік құралдарын пайдалану мәселелері бойынша кәсіпорындарға барып консультациялық қолдау көрсетеді.
Жоғарыда аталған шаралардың барлығы тауар өндірушілердің экспортты қолдау құралдары туралы ақпаратқа кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз етіп, әлеуетті және қолданыстағы экспорттаушылармен жедел өзара іс-қимыл жасауға қолайлы жағдай қалыптастырады.
- Закон РК «О регулировании торговой деятельности»
- Официальный сайт АО «QazTrade»
- Экспортный портал РК
Қысқа жауап:
Экспортты мемлекеттік қолдау шаралары заңдылық, ашықтық, қолжетімділік және кәсіпкерлік субъектілеріне тең қолжетімділік қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
Басымдық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, экспортқа бағдарланған компанияларға, сыртқы нарықтарға шығу әлеуеті бар кәсіпорындарға, сондай-ақ жоғары қосылған құны мен технологиялық деңгейі жоғары өнім өндірушілерге беріледі.
Қолдау шаралары отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және шикізаттық емес экспорт көлемінің өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Толық жауап:
Экспортты ілгерілету бойынша қолдау шараларын көрсету кезіндегі негізгі қағидаттардың бірі – кәсіпорынның экспортта табысқа жету әлеуетінің болуы. Яғни компания өз өнімін экспорттауға мүдделі болуы, қажетті өндірістік мүмкіндіктерге ие болуы, оның ішінде жабдықталған өндірістік алаңы, білікті мамандары және баға, сапа, қаптама, өнімді мақсатты нарық талаптарына бейімдеу мүмкіндігі сияқты көрсеткіштер бойынша бәсекеге қабілетті өнімі болуы тиіс. Сонымен қатар кәсіпорында экспорттық сатуларға жауапты қызметкердің болуы маңызды.
Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға ерекше назар аударылады. Қолдау алушылардың шамамен 80%-ын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері құрайды. Ірі компаниялар, әдетте, өз өнімдерін ілгерілету үшін жеткілікті қаржылық және адами ресурстарға ие болғандықтан, мемлекеттік қолдауға азырақ мұқтаж болады. Ал шағын және жаңа кәсіпорындарды дамыту арқылы экономика үшін нақты қосылған құн қалыптастырылып, кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтық бағыттар мен мүмкіндіктер ашылады.
Үшінші маңызды қағидат – өнімнің технологиялық деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын, оның мемлекеттік қолдау шараларын алу мүмкіндігі соғұрлым арта түседі.
Өз қызметін жүзеге асыру барысында Агенттік заңдылық, ашықтық, қолжетімділік, кәсіпкерлік субъектілерінің қолдау шараларына тең қолжетімділігі, сондай-ақ мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың экономикалық негізділігі мен тиімділігі қағидаттарын басшылыққа алады.
Агенттік қызметі шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайтуға, отандық өнімнің өткізу нарықтарын кеңейтуге және қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған нақты экономикалық нәтижелерге қол жеткізуді көздейді.
Қысқа жауап:
Қолдау шараларын алу үшін өндіруші өңделген өнім өндіруі немесе қызметтер экспортын жүзеге асыруы, экспорттық әлеуетке ие болуы, салықтық берешегі болмауы және сыртқы нарықтарға шығуға мүдделі болуы тиіс.
Мемлекет экспорттаушыларға консультациялық, сервистік, қаржылық-сақтандыру және маркетингтік қолдау көрсетеді.
Толық жауап:
Қолдау шараларын алу үшін өндіруші өңделген өнім шығаруы тиіс, бұл тиісті құжаттармен расталуы немесе Қазақстан Республикасының өндірушілер тізілімінде тіркелуі қажет. Мұндай өнімдер қатарына күнбағыс майы, ұн, металл бұйымдары, металл қорытпалары, сусындар, азық-түлік тауарлары және басқа да өңделген өнімдер жатады. Сонымен қатар жоғары технологиялық өнімдер де осы санатқа кіреді. Бұдан бөлек, қызметтер экспорты да экспортты қолдау шараларымен қамтылады, оның ішінде ақпараттық технологиялар саласындағы қызметтер басым бағыттардың бірі болып табылады.
Өндірушінің мемлекет алдында салықтық берешегі болмауы тиіс. Сондай-ақ өнімнің экспорттық әлеуеті жоғары болуы және өндірістің көлемін ұлғайтуға дайын болуы маңызды.
Агенттік тарапынан қолдау алудың негізгі шарттарының бірі кәсіпорынның экспорттық әлеуетінің болуы, сондай-ақ сыртқы нарықтарға шығуға немесе ондағы қатысу аясын кеңейтуге мүдделілігі болып табылады.
Қазақстандық өнімді шетел нарықтарына ілгерілету мақсатында Агенттіктің экспорттық тауар айналымы жоғары бірқатар елдерде, оның ішінде Ресей Федерациясында, Қытай Халық Республикасында, Өзбекстан Республикасында, Тәжікстан Республикасында, Қырғыз Республикасында, Әзербайжан Республикасында және Түркия Республикасында шетелдік өкілдері жұмыс істейді. Олар отандық кәсіпорындарға әлеуетті сатып алушыларды іздеуге, іскерлік байланыстар орнатуға және тиісті нарықтардағы экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жәрдем көрсетеді.
Сонымен қатар Агенттік «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-мен бірлесіп «Экспорттаушылар витринасы» цифрлық платформасын енгізіп, дамытуда. Платформада қазақстандық өндірушілер мен олардың өнімдері туралы ақпарат орналастырылады. Бұл шетелдік серіктестерге қажетті қазақстандық тауарларды іздеуге, сондай-ақ экспортты қолдау шараларымен танысуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Агенттіктің қаржылық және сақтандыру құралдарын экспорттық мәмілелерді құрылымдау кезеңінен бастап пайдалануға жағдай жасалады.
Сондай-ақ Агенттік экспорттық кредиттерді сақтандыру және қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру құралдары арқылы қолдау көрсетеді. Аталған құралдар қазақстандық өндірушілерге шетелдік сатып алушыларға төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін ұсына отырып, төлемнің жүзеге аспау тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттаушылардың мұндай мәмілелерді сенімді жүзеге асыруына жағдай жасайды.
Агенттіктің экспорттық-сауда қаржыландыру құралы да бар. Ол шетелдік сатып алушылардың қазақстандық өнімді сатып алу үшін тартатын қаржыландыруының шарттарын жақсартуға мүмкіндік береді. Соның арқасында отандық өндірушілер өнім жеткізумен қатар сатып алушыға қаржылық шешім ұсынатын кешенді коммерциялық ұсыныс қалыптастырып, қазақстандық экспорттың тартымдылығын арттыруға және экспорттық келісімшарттардың жасалуына ықпал етеді.
Қысқа жауап:
Мемлекет көлік-логистикалық және сауда хабтарын құру, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) дамыту, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, көлік процестерін цифрландыру және халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту арқылы баламалы экспорттық бағыттарды дамытуды қолдайды. Аталған шаралар қазақстандық экспорттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және отандық өнімнің шетел нарықтарына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
Толық жауап:
Қазақстан Республикасының Үкіметі экспорттық бағыттарды әртараптандыру, халықаралық көлік дәліздерін дамыту, заманауи логистикалық инфрақұрылым қалыптастыру және қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға қолжетімділігін кеңейту арқылы отандық өнім экспорты үшін баламалы көлік-логистикалық маршруттарды жүйелі түрде дамытып келеді.
Негізгі жобалардың бірі – Азия мен Еуропа арасындағы дәстүрлі бағыттарға маңызды баламаға айналған Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз). Соңғы жеті жылда аталған бағыт арқылы жүк тасымалының көлемі 800 мың тоннадан 4 миллион тоннадан астам көрсеткішке дейін өсті, ал жеткізу мерзімі 28–32 күннен 13–17 күнге дейін қысқарды.
Логистика саласын цифрландыруға ерекше назар аударылуда. Ұлттық интеграцияланған KEDEN платформасына көшу, трансшекаралық электрондық деректер алмасу мен электрондық құжат айналымын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ақтау және Құрық порттарына арналған «Теңіздегі бірыңғай терезе» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба логистикалық операцияларды жеделдетіп, кемелерді өңдеу уақытын 30–40%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы аясында Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресеймен шекараларда, сондай-ақ Каспий жағалауында көлік-логистикалық және сауда хабтарының желісі құрылуда. Негізгі жобалардың қатарында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, Қорғас және Каспий тораптарын дамыту, «Еуразия» шекара маңы сауда орталығы және Қырғызстанмен шекарадағы Индустриялық сауда-логистикалық кешен бар. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бағалауы бойынша мұндай хабтарды құру шикізаттық емес экспорт көлемін 30%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Маңызды бағыттардың бірі халықаралық сауданың шарттық-құқықтық базасын кеңейту болып табылады. Вьетнаммен, Сербиямен, Иранмен, Моңғолиямен, Біріккен Араб Әмірліктерімен және Индонезиямен жасалған еркін сауда туралы келісімдер сауда кедергілерін төмендетуге және қазақстандық өнімнің өткізу нарықтарын кеңейтуге ықпал етеді.
Сондай-ақ Каспий өңірі мен Иран арқылы өтетін бағыттарды қоса алғанда, халықаралық көлік дәліздері шеңберіндегі ынтымақтастық дамып келеді. Бұл Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Шығыс Африка нарықтарына шығу үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Отандық экспорттаушыларға серіктестер іздеу, шетел нарықтарына шығуды сүйемелдеу, сауда-экономикалық миссияларды ұйымдастыру және халықаралық көрмелерге қатысу бағыттары бойынша талдамалық, консультациялық және сервистік қолдау көрсетіледі.
Осылайша, баламалы көлік-логистикалық маршруттарды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау кешенді сипатқа ие және көлік, логистика және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге әрі Қазақстанның, ең алдымен шикізаттық емес экспорт саласындағы экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.
- Закон РК «О регулировании торговой деятельности»
- Закон РК «О промышленной политике»
- Приказ МТИ РК от 01.08.2022 № 314-НҚ (Правила возмещения затрат)
4. Экспортный портал РК
Қысқа жауап:
Клирингтік орталық — бұл биржалық мәмілелер бойынша сатып алушы мен сатушы арасындағы есеп айырысуды қамтамасыз ететін ұйым. Ол ақша мен тауардың тараптарға толық көлемде берілуіне кепілдік береді.
Толық жауап:
«Тауар биржалары туралы» Заңның 17-бабының 2-тармағына сәйкес, тауар биржасының клирингтік орталығы — клирингтік қызметпен айналысуға лицензиясы бар, тауар биржасымен клирингтік қызмет көрсету туралы шарт жасасқан заңды тұлға. Клирингтік орталықтар бір немесе бірнеше тауар биржасына, электрондық сауда алаңдарына, сондай-ақ биржадан тыс мәмілелерге клирингтік қызмет көрсетуге құқылы. Бір тауар биржасына бірнеше клирингтік орталықтың қызмет көрсетуіне тыйым салынады. Клирингтік орталық саудаға қатысушылардың міндеттемелерін есепке алады, мәміле тараптары арасындағы өзара есеп айырысуды қамтамасыз етеді және кепілдік қорын басқарады. Кепілдік қоры қатысушылардың жарналары есебінен қалыптастырылады және міндеттемелердің орындалмау тәуекелдерін жабу үшін пайдаланылады. Әрбір тауар биржасы клирингтік орталықпен шарт жасасуға міндетті, бұл ретте бір тауар биржасына тек бір ғана клирингтік орталық қызмет көрсетеді. Клирингтік орталық биржалық сауда-саттыққа қатысушылардың әрқайсысының ақша қаражатын бөлек есепке алуды қамтамасыз етеді. Мысалы, егер сатып алушы биржада көмір партиясы үшін төлем жасаса, ақша алдымен клирингтік орталыққа түседі. Ол жеткізілім расталғанға дейін қаражатты ұстап тұрады, тек содан кейін ғана сатушыға аударады. Бұл екі тарапты да міндеттемелердің орындалмау тәуекелінен қорғайды.
1) 2009 жылғы 4 мамырдағы № 155-IV «Тауар биржалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z090000155_
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 қарашадағы № 729 бұйрығымен бекітілген Клирингтік қызметті жүзеге асыру ережелері.
https://adilet.zan.kz/rus/docs/V1500012661
Қысқа жауап:
Биржалық сауда-саттыққа қатысушылар болып тауар биржасында аккредиттеуден өткен биржалық брокерлер мен дилерлер табылады. Жеке тұлғалар брокермен шарт жасасу арқылы оның қызметін пайдаланып, сауда-саттыққа қатыса алады.
Толық жауап:
«Тауар биржалары туралы» Заңның 19-бабының талаптарына сәйкес, биржалық сауда-саттыққа қатысушылар болып биржалық брокерлер мен дилерлер табылады.
«Тауар биржалары туралы» Заңның 19-бабының 1-тармағына сәйкес, тауар биржасында брокердің, дилердің және маркет-мейкердің қызметі тауар биржасында аккредиттеуден өту негізінде жүзеге асырылады.
Биржалық сауда қағидаларының (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 наурыздағы № 280 бұйрығы) 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларына сәйкес:
- биржалық брокер – тауар биржасында өз қызметін жүзеге асыратын және клиенттің тапсырмасы бойынша, оның қаражаты есебінен әрі мүддесі үшін биржалық тауарлармен мәмілелер жасайтын заңды тұлға;
- биржалық дилер – тауар биржасында өз қызметін жүзеге асыратын және биржалық тауарлармен өз мүддесі үшін әрі өз қаражаты есебінен мәмілелер жасайтын кәсіпкерлік субъектісі.
Брокер немесе дилер болып табылмайтын жеке және заңды тұлғалар брокерлік қызмет көрсету туралы шарт жасасу арқылы биржалық сауда-саттыққа қатыса алады.
Мысалы, егер кәсіпкер биржадан дизель отынының партиясын сатып алғысы келсе, оған аккредиттелген брокерге жүгініп, онымен шарт жасасып, өтінімді сол арқылы беру жеткілікті. Бұл ретте кәсіпкердің өз бетінше аккредиттеуден өтуі талап етілмейді.
1) Закон РК «О товарных биржах» от 4 мая 2009 года № 155-IV.
https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z090000155_
2) Правила биржевой торговли, утверждённые приказом и.о. МНЭ РК от 30 марта 2015 года № 280.
https://adilet.zan.kz/rus/docs/V1500010993
Қысқа жауап:
Тауар биржасы – тауарлармен сауда-саттық жүргізуге жағдай жасайтын арнайы ұйым. Ол бағаның ашықтығын қамтамасыз етеді, қатысушыларға тең мүмкіндік береді және мәмілелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Толық жауап:
«Тауар биржалары туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 мамырдағы № 155-IV Заңының 6-бабына сәйкес, тауар биржасы – акционерлік қоғам ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, тауар биржасының электрондық сауда жүйесін пайдалану арқылы сауда-саттықты тікелей өткізу жолымен оның ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асыратын заңды тұлға.
Тауар биржасының қызметі уәкілетті орган беретін лицензия негізінде ғана жүзеге асырылады. Тауар биржасы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, биржалық сауда-саттықты ұйымдастыруға және өткізуге байланысты емес қызметті жүзеге асыруға құқылы емес. Биржалық сауда-саттық электрондық сауда жүйесі арқылы қосарланған қарсы аукцион режимінде электрондық нысанда өткізіледі.
Мысалы, егер астық өндіруші ірі көлемдегі бидай партиясын сатқысы келсе, ол оны тауар биржасына шығара алады. Бұл жағдайда сатып алушылар электрондық форматта өз бағаларын ұсынады, ал мәміле ашықтық пен тең жағдайлар қағидаттары негізінде жасалады.
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 мамырдағы № 155-IV «Тауар биржалары туралы» Заңы
https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z090000155_