АҚТАУ ҚАЛАСЫНДА ВЕЛОШЕРУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

07 қазан күні Ақтауда велошеру ұйымдастырылды. Спорттық шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, облыс әкімінің орынбасарлары, депутаттар, басқарма басшылары, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департамент мамандары және өңірдегі ірі кәсіпорын басшылары белсенді қатысты. Сайысты өткізу бойынша үйлестіруді Маңғыстау облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ақтау қаласының әкімдігі жүзеге асырды.
Велошеру жарысын ұйымдастырудың негізгі мақсаты - бұқаралық спорт түрлерін дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау, облысымыздың тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, қолжетімді велосипед спортымен шұғылдануға қызығушылығын арттыру. Бұл жолғы шарада жастардың белсенділігі жоғары болды. Қатысушылардың жас шамасы 18-ден жоғары. Шерудің бағыты: «Хан шахар» мейрамханасынан басталып, «Виктория» қонақ үйіне дейін жалғасты. Спортқа бет бұрған жасөспірімдер жиналғандарға дене тәрбиесінің әр саласынан меңгерген шеберліктерін ортаға салды. Шараның басы-қасында жүргендер, мұны дәстүрге айналдырып, оның ауқымын жыл өткен сайын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Техникалық реттеу және
метрология комитетінің
Маңғыстау облысы бойынша
департаменті бас маманы –
Акмамбетов Еркин Сеид-Ахмедович