2026 ж. 24 шілдеде Ақтау қаласында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның 23-отырысы

2026 жылғы 24 шілдеде Ақтау қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О. Бектеновтің және Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А. Ариповтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның 23-отырысы, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан Өңірлер басшылары кеңесінің Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ш. Мирзиёевтің бастамасымен құрылған 1-отырысы өтті.
Үкіметаралық комиссия отырысы аясында тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттарын талқылады. Өзара сауда мен инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, көлік-логистикалық байланыстылықты нығайту, су шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Құны 7,8 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестициялар мен сауда саласындағы Жол картасын сапалы іске асырудың, сондай-ақ бірлескен өнеркәсіптік жобалар мен көлік дәліздерін одан әрі дамытудың маңыздылығы расталды. Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшылары 23-отырыстың хаттамасына қол қойды.
Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық өзара іс-қимылды нығайтудың жаңа тетігіне айналды. Кездесу барысында өңірлер арасындағы тікелей байланыстардың сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтудегі және мемлекеттер басшылары айқындаған өзара тауар айналымын 10 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту мақсатына қол жеткізудегі ерекше рөлі атап өтілді. Сонымен қатар «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын іске қосу, Транскаспий халықаралық көлік бағытын қоса алғанда, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шараларға Қазақстан мен Өзбекстанның шекаралас өңірлерінің басшылары, бейінді министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ екі елдің 300-ден астам бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты. Отырыстар қорытындысы бойынша өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, шекара маңы ынтымақтастығын нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған жалпы құны 170 млн АҚШ долларынан асатын өңіраралық меморандумдар мен коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға қосымша серпін береді деп күтілуде.