Елші Б. Атамқұлов Алмалық тау-кен металлургия комбинатына барды

Елші Б. Атамқұлов Алмалық тау-кен металлургия комбинатына барды

2026 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі Б. Атамқұлов Алмалық тау-кен металлургия комбинатында болып, кәсіпорынның қызметімен, өндірістік циклімен және экспорттық әлеуетімен танысты.

Қазіргі уақытта комбинат Орталық Азиядағы ең ірі мыс өндіруші кәсіпорын болып табылады, сондай-ақ Өзбекстандағы күміс өндірісінің шамамен 90% және алтын өндірісінің 20% жуығын қамтамасыз етеді.

Алмалық тау-кен металлургия комбинатының Басқарма Төрағасы А. Хурсановпен өткен кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективалары, инвестициялық жобаларды іске асыру, өндірістік қуаттарды жаңғырту, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындармен өндірістік кооперацияны кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Б. Атамқұлов екі ел Президенттері өзара сауда көлемін 10 млрд. АҚШ долларына жеткізу жөнінде міндет қойғанын атап өтті. Осыған байланысты, екіжақты сауда құрылымын жаңа тауарлық позициялармен, оның ішінде экспорттық және кооперациялық әлеуеті жоғары тау-кен өнеркәсібі өнімдерімен толықтырудың маңыздылығына назар аударды. Бұл өзара жеткізілімдерді кеңейтуге, тауар айналымын әртараптандыруға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде А. Хурсанов комбинаттың ағымдағы қызметі, инвестициялық бағдарламаның іске асырылу барысы, өндірістік қуаттарды ұлғайту перспективалары және кәсіпорынды одан әрі дамытудың негізгі бағыттары туралы ақпарат берді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды және Алмалық тау-кен металлургия комбинатына қазақстандық көмір жеткізу мәселесін пысықтауды қоса алғанда, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.