ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен ӨР Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрі Эъзозхон Каримованың ресми кездесуі өтті

2026 жылғы 21 маусымда Ташкент қаласында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрі Эъзозхон Каримованың ресми кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мектепке дейінгі және мектеп білімі саласындағы ынтымақтастықтың сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Сонымен бірге, екі ел өкілдерінің пәндік олимпиадаларға, білім беру форумдарына және ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысуына ерекше назар аударылды. Бұл өз кезегінде кәсіби байланыстарды нығайтуға және білім саласындағы озық тәжірибе алмасуды жандандыруға ықпал етеді.
Басқосуда педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу сынды келешегі зор бағыттар бойынша екіжақты іс-қимылды одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Ташкентке сапары аясында министр Жұлдыз Сүлейменова Абдулла Авлони атындағы Ұлттық педагогикалық шеберлік институтына барды. Мекемеде ведомство басшысы педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесімен, цифрлық білім беру платформаларының жұмысымен және мұғалімдердің кәсіби дамуына арналған заманауи тәсілдермен танысты.
Қазақстандық делегацияға «Менеджмент» оқу курсын іске асыру нәтижелері, сондай-ақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге бағытталған «Кәсіби даму күні» және «Кәсіби даму сағаты» жобалары таныстырылды.
Сонымен қатар министр Абдулла Авлонидің мемориалдық мұражайын, институт кітапханасын, JALINGA бейнестудиясын және STEAM орталығын аралап, мекеменің заманауи білім беру технологияларымен және инновациялық инфракұрылымымен танысты.