Ташкент қаласында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі ТМД Комиссиясының отырысы өтті

Ташкент қаласында атом энергиясын бейбіт мақсатта  пайдалану жөніндегі ТМД Комиссиясының отырысы өтті

       2025 жылғы 16-18 желтоқсан аралығында Ташкент қаласында Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Комиссиясының 26-отырысы өтті.

Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин басқарды. Іс-шара барысында тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық міндеттемелер мен МАГАТЭ ұсынымдарын ескере отырып мемлекеттік реттеу жүйелерін жетілдіру мәселелерін талқылады. Бұл ретте шағын қуатты реакторларды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Отырыс аясында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі (Атомдық қадағалау және бақылау комитеті) мен Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің Ядролық және радиациялық қауіпсіздік департаменті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті реттеу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға бағытталған.

Отырысқа ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бейінді органдарының өкілдерімен қатар, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің қызметкерлері де қатысты.