Орталық Азиядағы барлық әйелдер мен қыздардың әділ сот төрелігіне қол жеткізуі атты жоғары деңгейлі кездесу Ташкентте өтті

2025 жылғы 10 желтоқсанда Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова ханым бастаған қазақстандық делегация «Орталық Азиядағы барлық әйелдер мен қыздардың әділ сот төрелігіне қол жеткізуі: 70-ші Әйелдердің жағдайы жөніндегі комиссия отырысының қарсаңында құқықтық базаны және институционалдық шараларды нығайту» атты жоғары деңгейлі кездесуге қатысты. Делегация құрамында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежана Имашева және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Шолпан Иманиязова болды.
Іс-шараға Орталық Азия мемлекеттерінің сот, заң шығару және адам құқықтары жөніндегі институттарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі қатысты. Қатысушылар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ өңірдегі кемсітушілік пен зорлық-зомбылыққа ден қоюдың орнықты институттарын қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Жұмыс сапары аясында қазақстандық тарап бірқатар кездесулер өткізді: UN Women (БҰҰ-Әйелдер) өкілдерімен, Өзбекстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Мирза-Улугбек Абдусаломовпен және Өзбекстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілi Феруза Эшматовамен.
Кездесулер барысында тараптар конституциялық бақылауды дамыту және сот-құқықтық реформалар мәселелері бойынша пікір алмасты, екі елдің жоғары сот органдары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласындағы ықпалдастықтың перспективалары талқыланды. БҰҰ-Әйелдер құрылымымен өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды: азаматтардың өтініштерін қарау тәжірибесімен алмасу, әйелдер мен қыздардың құқықтарын қамтамасыз ету шараларын күшейту, екі ел омбудсмендері институттарының әлеуетін арттыру бағыттары қарастырылды.
Сапар қорытындысы бойынша сараптамалық консультацияларды жалғастыру және негізгі бағыттар бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды тереңдету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.