13 қараша 2025 жылы Ташкент қ. Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның Сауда және инвестициялар министрлері кеңесінің бірінші отырысы өтті

13 қараша 2025 жылы Ташкент қаласында Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның Сауда және инвестициялар министрлері кеңесінің бірінші отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы атынан Сауда және интеграция министрі А.Шаққалиев қатысты.
Отырыста сауда-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету перспективалары, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, логистикалық маршруттарды кеңейту, процестерді цифрландыру және шағын және орта бизнестің өңірлік жеткізу тізбектеріне қатысуын ынталандыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар Орталық Азия мен Әзербайжандағы экономикалық ынтымақтастықтың орнықты архитектурасын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Өз сөзінде ҚР Сауда және интеграция министрі А.Шаққалиев Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы сауданың негізгі драйверлері екенін, ал одан әрі өсу бірлескен өндірістерді дамыту, цифрлық ықпалдасу және көлік дәліздерін жаңғырту арқылы мүмкін болатынын атап өтті. Ол Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі қосылған құны жоғары орнықты тізбектер құруға бағытталғанын, ал Транскаспий бағытын дамыту өңірлік экономикалық интеграцияны тереңдетудің маңызды тірегіне айналатынын жеткізді.
Отырыстың қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның Сауда және инвестициялар министрлері кеңесінің бірінші отырысының Бірлескен коммюникесі қабылданды.
Отырыс аяқталғаннан кейін қатысушылар Бостанлық ауданындағы Chimgan Resort кешенінде «Шекарасыз ынтымақтастық» ұранымен өтіп жатқан «Great Silk Road Business Cooperation Forum – 2025» халықаралық форумына қатысты. Форумда өңірдің алты елінің министрліктері, сауда палаталары мен ірі компанияларының өкілдері кооперация, логистика және инвестициялар мәселелерін талқылады. Қазақстаннан форумға ұлттық оператор QazTrade жетекшілік еткен ұйымдастырылған бизнес-миссия құрамында шамамен 50 компания қатысты.