Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы министрлерінің алғашқы кездесуі Ташкентте өтті

2025 жылғы 10 қарашада Ташкент қаласында өңірлік өзара іс-қимылды нығайту, орнықты аграрлық секторды дамыту және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы министрлерінің алғашқы кездесуі өтті. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүреков басқарды.
Отырыс барысында қатысушылар азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыруды, АӨК цифрландыруды, инновациялық технологияларды енгізуді, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалануды қоса алғанда, аграрлық саладағы ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады. Өзара сауданы дамыту, бірлескен инвестициялық бастамалар және өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан делегацияларының басшылары Бірлескен декларациясы мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Қазақстан тарапының бастамасымен дайындалған 2030 жылға дейінгі Орталық Азияның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Жоспарына қол қойды. Қабылданған құжаттар өңірлік интеграцияны нығайту, бірлескен іс-қимылдардың тиімділігін арттыру және Орталық Азияның тұрақты азық-түлік жүйесін қалыптастыру үшін стратегиялық маңызға ие.
Іс-шара аясында Вице-министр Е. Тасжурековтың Министр И. Абдурахмоновпен екіжақты кездесуі өтті. Тараптар мал шаруашылығы, бау-бақша, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады, сондай-ақ өзара сауданы арттырудың және өнім сапасының стандарттарын жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.