Қазақстан Республикасының Түркістан облысының әкімі Нұралхан Күсеров пен Самарқанд облысы әкімінің міндетін атқарушы Адиз Бобоевтың кездесуі өтті

2025 жылғы 7 қарашада Самарқанд қаласында Қазақстан Республикасының Түркістан облысының әкімі Нұралхан Күсеров пен Самарқанд облысы әкімінің міндетін атқарушы Адиз Бобоевтың кездесуі өтті.
Қазақстандық делегация құрамында туристік және қонақ үй бизнесінің өкілдері, Түркістан қаласының халықаралық әуежайы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі мен Самарқанд қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығының өкілдері болды.
Келіссөздер барысында тараптар туризм саласындағы қазақстан-өзбек ынтымақтастығын кеңейту перспективаларын, соның ішінде қонақ үй инфрақұрылымын дамыту, туристік бағыттар мен сервистік қызметтерді жетілдіру, сондай-ақ өңірлердің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс басшылары көтерілген бастамаларды қолдап, Самарқанд және Түркістан облыстары арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Сапар аясында екі елдің туристік компаниялары өкілдерінің қатысуымен практикалық сессия өтті, онда тікелей іскерлік байланыстар орнату және туристік өнімдерді ілгерілету тәжірибесімен алмасу жолдары талқыланды.
Түркістан облысының делегациясы сондай-ақ «Жібек жолы» халықаралық туризм және мәдени мұра университетінде, Самарқанд халықаралық туризм академиясында болып, көне Самарқандтың басты көрікті орындарымен танысты.