Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің жастар саясаты мен спортқа жауапты министрлерінің 9-отырысы

Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің жастар саясаты мен спортқа жауапты министрлерінің 9-отырысы

2025 жылғы 17 қазанда Ташкент қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің жастар саясаты мен спортқа жауапты министрлерінің 9-отырысы өтті. Іс-шара Өзбекстан Республикасының Спорт министрлігі мен Түркі мемлекеттері ұйымының хатшылығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстан делегациясын Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің, спорт федерациялары мен ұйымдарының өкілдері құрап, оны Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Қуантәуұлы Мырзабосынов басқарды.

Отырыстың негізгі тақырыбы – жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты нығайту, ұлттық және бірлескен бағдарламаларды іске асыру тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ спортты дамыту және түркі елдері жастары арасында ортақ мәдени және гуманитарлық құндылықтарды ілгерілету болды.

Министрлер түркітілдес мемлекеттер арасындағы интеграцияны тереңдетуге, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және әлеуметтік маңызы бар жастар бастамаларын қолдауға бейілділіктерін растады.

Кездесудің қорытындысы бойынша ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің жастар саясаты мен спорт саласындағы ынтымақтастығының басым бағыттары айқындалды.

Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар Ташкент қаласы мен Ташкент облысындағы спорт инфрақұрылымдарын, соның ішінде Олимпиада қалашығын, Б. Жалолов атындағы бокс мектебін, Шыршық қаласындағы мамандандырылған Олимпиадалық резерв интернат-мектебін және басқа нысандарды аралап көрді.