«Қазақстан – Өзбекстан: денсаулық сақтау, технология және кадрлар саласындағы ынтымақтастық» халықаралық форумы

2025 жылғы 17 қазанда Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан медицинасы күндеріне арналған «Қазақстан – Өзбекстан: денсаулық сақтау, технология және кадрлар саласындағы ынтымақтастық» халықаралық форумы басталды.
Форумға екі елдің денсаулық сақтау министрлері – Ақмарал Әлназарова мен Асилбек Худаяров, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов, Өзбекстанның Қазақстандағы Елшісі Бахтиёр Ибрагимов (онлайн), сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Ащина Халакдина қатысты.
«Біздің елдерді біріктіретін ортақ мақсат – тұрақты, қолжетімді және технологиялық денсаулық сақтау жүйелерін дамыту. Қазақстан мен Өзбекстан кадр даярлау, цифрландыру және инновация енгізу бағытында ұқсас міндеттерді шешуде. Ғылыми, технологиялық және кадрлық әлеуетті біріктіру аймақтағы инновациялық денсаулық сақтау экожүйесін қалыптастыруға қуатты серпін береді деп сенеміз», – деді А. Әлназарова форум қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде.
Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде: «Мұндай маңызды әрі бірегей іс-шараның өткізілуі бауырлас халықтарымызды шынымен біріктіреді. Осындай адамгершілік қатынастар арқылы елдеріміз арасындағы достық нығая түседі», – деп атап өтті.
Қазақстан медицинасы күндері аясында 100-ден астам жетекші клиникалардың мамандары Өзбекстанның Ташкент, Ферғана, Самарқанд, Бұхара және Нөкіс қалаларында көшпелі консультациялар, шеберлік сабақтары және операциялар өткізді.
Бес күн ішінде шамамен 3000 тұрғын мамандандырылған кеңес алды, 60-тан астам күрделі бірлескен операциялар кардиология, онкология, травматология және фтизиатрия бағыттарында жүзеге асырылды.
Диагностикалық жабдықтармен жарақталған жылжымалы медициналық кешендерде Сырдария және Жызақ облыстарының ауылдық аймақ тұрғындарына алғашқы тексерулер жүргізілді.
«Өзбекстанда осындай ауқымды іс-шараны өткізу ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, жаңа бағыттарды айқындауға, озық бастамаларды ілгерілетуге және тәжірибе алмасуға үлкен үлес қосты», – деді Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Асилбек Худаяров.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Қазақстан және Ташкент мемлекеттік медицина университеті студенттері арасында ғылыми олимпиадалар мен спартакиадалар өтті.
А. Әлназарова кадр даярлау саласындағы әріптестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Анықтама: Бүгінде Қазақстанның медицина жоғары оқу орындарында шамамен 700 өзбекстандық студент білім алуда, ал Ташкент медицина университетінде – 100-ден астам қазақстандық студент оқиды. Бұл өзара ынтымақтастық жаңа буын дәрігерлерін даярлау үшін ортақ білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми орталықтары, жетекші клиникалары және медициналық университеттері арасында шамамен 30 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.