Ташкентте атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Осы жылдың 18 тамызында Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер өтті.
Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж.Әлиев басқарды, өзбек тарапынан «Өзатoм» агенттігінің директоры А.Ахмедхаджаев қатысты. Келіссөздерге екі елдің салалық министрліктері, ведомстволары мен ұйымдарының өкілдері қатысты.
Талқылау барысында атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қаралып, басты назар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сейсмикалық тұрақтылықты арттыруға және экология мәселелері бойынша екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға аударылды. Әсіресе радиациялық және экологиялық жағдайды бірлесіп бақылау жүйесін құру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Бұл мемлекеттер арасындағы радиациялық қауіпсіздік пен деректер алмасу саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ықтимал төтенше жағдайларға дайындықты арттыруға жол ашатын шұғыл әрекет ету тетіктерін әзірлеу бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығы атап өтілді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар атом саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, мамандар даярлау үшін бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және тәжірибе алмасуға, сондай-ақ радиациялық және ядролық қауіпсіздік тетіктерін нығайтуға ниетті екендіктерін растады.