2025 жылғы 16 мамырда Елші Бейбіт Атамқұлов Өзбекстанның Тау-кен өнеркәсібі және геология министрі Бобир Исламовпен кездесті

2025 жылғы 16 мамырда Елші Бейбіт Атамқұлов Өзбекстанның Тау-кен өнеркәсібі және геология министрі Бобир Исламовпен кездесті

Ташкент, 2025 жылғы 16 мамыр – Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловтың Өзбекстан Республикасының Тау-кен өнеркәсібі және геология министрі Бобир Исламовпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Салалық өзара іс-қимылдың оң динамикасы, соның ішінде тиісті ұлттық компаниялар арасындағы байланыстардың дамуы, бірлескен геологиялық барлау жобаларын іске асыру, геологиялық-техникалық деректер алмасу, сондай-ақ мұнай-химия, цифрландыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық атап өтілді.
Тараптар 2025 жылғы 20 наурызда Хива қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлерінің бірінші отырысы барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру шеңберінде сирек жер және стратегиялық маңызды материалдар бойынша бірлескен жұмыс тобын құру бастамасын қарастырды.
Сараптамалық диалогты тереңдету мақсатында 2025 жылы салалық министрліктердің, ғылыми институттардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен бірлескен қазақстан-өзбек геологиялық барлау конференциясын өткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік бар екенін растап, барлық деңгейде белсенді жұмыс байланыстарын қолдауға ниетті екендерін білдірді.