ТМД Экономикалық кеңесінің 105-ші отырысы және ТМД-ға мүше мемлекеттердің алғашқы Аймақтар форумы

2025 жылғы 29 сәуірде Ташкент қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында бірқатар іс-шаралар өтті: ТМД Экономикалық кеңесінің 105-ші отырысы және ТМД-ға мүше мемлекеттердің алғашқы Аймақтар форумы.
Экономикалық кеңестің отырысына ТМД елдерінің жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасынан ТМД Экономикалық кеңесіндегі Тұрақты өкілі Бекетжан Жұмаханов және Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова қатысты.
Отырыста ТМД елдері арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған негізгі құжаттар қаралып, мақұлданды. Атап айтқанда, әуе қозғалысын ұйымдастырудың ұлттық жүйелерін үйлестіру, халық денсаулығын қорғау, жеңіл өнеркәсіпті дамыту және ауыр машина жасау саласындағы ынтымақтастыққа қатысты тұжырымдамалар жобалары мақұлданды.
Сол күні ТМД елдерінің алғашқы Аймақтар форумы өтті. Форум өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жаңа алаңға айналды. Оған ТМД елдерінің мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастықтарының делегациялары қатысып, сауда-экономикалық, инвестициялық, өндірістік-технологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың болашағын талқылады.
Қазақстан Республикасынан форумға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Қызылорда облысы әкімінің орынбасары А.Зебешев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Т.Қозбеков бастаған делегациялар, Шығыс Қазақстан облысы, Астана қаласы әкімдігі және 50-ге жуық қазақстандық компания қатысты. Форумда Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова баяндама жасады.
Форум аясында қазақстандық өңірлік делегациялар BMB Holding және UzTrade компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулер өткізіп, агроөнеркәсіптік кешен және жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша Қызылорда облысы әкімдігі мен «Orient Ceramic» ЖШС, «Qazak Oner» ұлттық қауымдастығы мен «Хунарманд» қауымдастығы, сондай-ақ Жетісай ауданы әкімдігі мен «Samarkand Irrigation System» компаниясы арасында меморандумдарға қол қойылды.