Елші Бейбіт Атамқұлов ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитетінің Директоры Уларбек Шаршеевпен кездесті
2025 жылғы 3 ақпанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитетінде Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов пен ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитетінің Директоры Уларбек Шаршеевтің кездесуі өтті.
Кездесу барысында Б. Атамқұлов Қазақстан Республикасының ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін білдіріп, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы тиімді өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның Атқару комитетінің жұмысына жәрдемдесуге және Ұйым аясындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуға дайын екенін растады.
Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі Директордың назарын Қазақстан бастамасымен құрылатын Ақпараттық қауіпсіздік орталығын жүзеге асырудың өзектілігіне аударды.
Өз кезегінде У. Шаршеев Атқару комитетінің қызметіне көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларды ілгерілетудегі Қазақстанның белсенді рөлін атап өтті.