Қазақстанның Елшісі Бейбіт Атамқұлов «Өзбекстан дипломатиясының тарихы» кітабының презентациясына қатысты

Глава дипмиссии Бейбут Атамкулов выступил с речью

2025 жылғы 30 қаңтарда Өзбекстандағы Қазақстанның Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Республикасы Олий Мәжлісі Сенатының бірінші орынбасары Содик Сафоевтың төрағалығымен өткен Өзбекстан әлемдік экономика және дипломатия университетінде «Өзбекстан дипломатиясының тарихы» кітабының презентациясына қатысты.
Іс-шара барысында дипмиссия басшысы сөз сөйледі, сондай-ақ ҚР Парламентінің Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асановтың атынан құттықтауды оқыды. Құттықтау хатта Ж.Асанов кітаптың Өзбекстан және Орталық Азияның барлық мемлекеттері үшін тарихи маңызы зор болатынын, оқырмандардың кең ауқымының білім қорын толықтырып, кеңейтетінін атап өтті.
Б. Атамқұлов өз сөзінде бұл кітаптың Өзбекстанның бай тарихи мұрасын сақтау жолындағы авторлардың баға жетпес еңбегі екенін атап өтті. Өзбек дипломатиясының тарихы қазақ халқының тарихымен тығыз байланысқан және әрқашан өңірімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда шешуші рөл атқарған.
Дипломатиялық миссия басшысы бүгінгі таңда Өзбекстан ашық диалог дәстүрін жалғастыра отырып, халықаралық аренадағы өз ұстанымын нығайтып, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларды табысты іске асырып жатқанын атап өтті. Осы өңірлік байланыстарды нығайтудың ең жарқын үлгілерінің бірі – Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Орталық Азия мемлекет басшыларының тұрақты Консультативтік кездесулерін өткізу жөніндегі бастамасы, ол сөзсіз Өзбекстанның қазіргі дипломатия тарихына енеді.
Презентацияға Олий Мәжліс Заң шығару палатасы мен Сенат депутаттары, Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігінің басшылығы, аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, өзбекстандық және шетелдік жетекші ғалымдар мен сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

Анықтама: "Өзбекстан дипломатиясының тарихы" кітабында әлемнің жетекші елдерімен екіжақты қатынастар орнату, көпжақты форматтарға, халықаралық форумдарға қатысу және өңірлік ынтымақтастықты басым дамыту жөніндегі күш-жігер туралы толық мәліметтер келтірілген.
Жаңа Өзбекстанда ғасырлар бойы қалыптасқан және экономиканы, сауданы, коммуникацияны дамытуға, жаңа технологиялар мен идеялармен алмасуға қызмет еткен өзбек дипломатиясының негізгі принциптері жанданатынына ерекше назар аударылды.