Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту үшін экономикалық дипломатияны күшейтуде

Групповое фото участников AIFC Diplomatic Day на фоне синего баннера 23 ноября 2026 года.

Астана, 2026 жылғы 23 қараша – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) «AIFC Diplomatic Day: Kazakhstan Diplomatic Investment Dialogue» инвестициялық диалогын өткізді. Іс-шара ҚР-да аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ мемлекеттік органдарды, ұлттық компанияларды және Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық миссияларын біріктірді.

Alatau City Authority қолдауымен ұйымдастырылған алаң Қазақстанның инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі дипломатиялық өкілдіктердің жұмысын жандандыруға бағытталды.

Іс-шараны ашқан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жаһандық трансформация жағдайында экономикалық дипломатияның өсіп келе жатқан рөлін атап өтіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші инвестициялық бағыт ретіндегі ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келе жатқанына тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген экономикалық басымдықтарға ерекше назар аударылды.

Министр Қазақстанның елдің инвестициялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, қазақстандық бастамаларды ілгерілетуге және жаңа халықаралық әріптестіктерді қалыптастыруға бағытталған дипломатиялық корпуспен және шетелдік инвесторлармен ашық әрі мазмұнды өзара іс-қимылға дайындығын растады.

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров Орталықтың капитал нарықтарын дамыту және халықаралық инвестициялар тарту жөніндегі мүмкіндіктерін таныстырды. Қатысушыларға оның негізгі институттары – ағылшындық жалпы құқық қағидаттарына негізделген юрисдикциясы, Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA), АХҚО Соты, Халықаралық төрелік орталығы және Astana International Exchange (AIX) биржасы жөнінде ақпарат ұсынылды.

Сондай-ақ Орта дәлізді, авиациялық-қаржы хабын, геологиялық барлау бастамаларын, көміртегі платформасын дамытуды және активтерді токенизациялауды қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру құралдары таныстырылды. АХҚО-ның Қазақстанды жаһандық капитал нарықтарымен байланыстыратын қаржылық-құқықтық платформа ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді.

«Бәйтерек» ҰИХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов пен Alatau City Authority Бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров халықаралық ынтымақтастықтың перспективаларымен және өз ұйымдарының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. Қазақстан инвесторлар қауымдастығының Басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов елдің инвестициялық әлеуетіне арналған «Kazakhstan: An Investment Navigator» талдамалық баяндамасын ұсынды.

Іс-шара ҚР СІМ, АХҚО, мемлекеттік институттар мен дипломатиялық корпус арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі инвестициялық мүмкіндіктерін ілгерілету тиімділігін арттыруға және дипломатиялық байланыстардан нақты экономикалық жобаларды іске асыруға көшуге бағытталды.