Түркістан облысында қыш өнеріне арналған халықаралық жәрмеңке өтеді

Түркістан облысында қыш өнеріне арналған халықаралық жәрмеңке өтеді

29 қазанда Түркістан облысында бес елдің шеберлері қатысатын «Ұлы Жібек бойындағы керамика өндірісі: дәстүр, технология және жаңғыру» тақырыбындағы халықаралық жәрмеңке өтеді.

Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түрікменстан өкілдері қатысады. Бағдарламада қыштан жасалған бұйымдардың көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары, кездесулер мен мәдени-танымдық іс-шаралар қамтылған.

Қатысушылар саз балшықтан бұйым жасап, оған өрнек салу, күйдіру және глазурь жағу жолдарын көрсетеді. Сондай-ақ іс-шарада дәстүрлі әдістерді заманауи технологиялармен ұштастыру мүмкіндіктері қарастырылады.

Жәрмеңке дәстүрлі қыш өнерін сақтауға, шеберлер арасында тәжірибе алмасуға және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған. Іс-шара барысында шетелден келген қонақтар Отырар ауданының тарихи-мәдени мұрасымен де танысады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Қызмет бағыты