GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Министрлік туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Комитеттер
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Все материалы
Мәдениет
24 октября 2026
Бейжіңде Қызылорда облысы өнерпаздарының Республика күніне арналған концерті өтті

Республика күні қарсаңында Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығында Қызылорда облысы өнерпаздарының қатысуымен «Сұлу Сырдан сазды сәлем» мерекелік концерті өтті.

Іс-шара Қазақстан мен Қытайдың мәдени алмасу жылы аясында Қызылорда облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Кешке шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары, студенттер мен қазақ диаспорасы қатысты.

Сахнада Қызылорда облыстық филармониясының фольклорлық ансамблі, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, «Құрмет» орденінің иегерлері Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Самал Байсейітова, Индира Елубаева және өңірдің өзге де өнерпаздары өнер көрсетті. Ал «Томирис» би ансамблі ұлттық билерді ұсынды.

Кеште Сыр өңірінің бай музыкалық мұрасын танытатын дәстүрлі әндер мен күйлер орындалды. Концерт қазақтың ұлттық өнерін шетелдік көрерменге таныстырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында өтті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
23 октября 2026
Беларусьте «Бозоқ» және «Несвиж» музей-қорықтары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Беларусь Республикасының Минск және Несвиж қалаларында «Музейные инициативы на пространстве СНГ» атты II халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қатысушылар музей ісін дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Жиынға Қазақстан атынан Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Әзірет Сұлтан» және «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарының өкілдері қатысты.

Конференция аясында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Беларусь Республикасының «Несвиж» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатта көрмелер өткізу, ғылыми және мәдени-ағартушылық жобаларды қолға алу, музей қорларын зерттеу және кәсіби тәжірибе алмасу көзделген. Екі мекеменің әріптестігі қос елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, зерттеуге және кеңінен танытуға бағытталған.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
23 октября 2026
Қазанда Қазақстан киносы күндері өтті

21-23 қазан аралығында Қазан қаласындағы «Мир» кинотеатрында Қазақстан киносы күндері өтті. Іс-шара отандық кино өнерін насихаттауға және Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталды.

Жиынның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов пен Татарстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Юлия Әдғамова қатысты. Сондай-ақ мәдениет саласының мамандары, БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары жиналды.

Бағдарламаға «Алматы, мен сені сүйемін!», «Паралимпиадашы» және «Бүркітші» атты үш көркем фильм енді. Алғашқы екі туынды 21 қазанда көрсетілсе, 23 қазанда режиссер Қуаныш Стахановтың «Бүркітші» фильмі көрерменге ұсынылды. Көрсетілім аясында «Паралимпиадашы» фильмінің актері Жалғас Жанғазин және режиссер Қуаныш Стахановпен шығармашылық кездесулер өтті. Олар фильмдердің түсірілу тарихы мен түсірілім барысындағы ерекшеліктер туралы әңгімелеп, көрерменнің сұрақтарына жауап берді.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының атынан киноөндірісті техникалық қамтамасыз ету қызметі басшысының орынбасары Серікбол Өтепбергенов қатысты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
23 октября 2026
Астанада «Алан туралы аңыз» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті

Астанада «Алан туралы аңыз» толықметражды анимациялық фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Туындыны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «САҚ» киностудиясы түсірді.

Таныстырылымға отандық кино саласының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, журналистер мен фильмнің шығармашылық тобы қатысты.

Фильм желісі бойынша Қаражалдың әскері бейбіт қаланы басып алады. Кезінде жазықсыз қуылған батыр Барыстың ұлы Алан туған халқын қорғау үшін елге оралады. Ол достары мен серіктерінің көмегімен қаланы азат ету жолындағы күреске аттанады.

Туынды ұлттық және тарихи-мәдени құндылықтарды заманауи анимациямен ұштастырған. Ерлік, достық, әділдік пен мейірімділік туралы шытырман оқиғаға толы фильм алты жастан асқан көрерменге арналған.

«Балаларға арналған фильмдердің маңызы зор. Олар ертегілер мен мультфильмдер арқылы жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйренеді. Жас ұрпақтың ана тілінде сөйлейтін, болмысы өзіне жақын кейіпкерлерден үлгі алып өсуі маңызды», – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Фильмнің режиссері – Азамат Ерназаров. Сценарийін Бақытжан Құлжабаев, Батырхан Дәуренбеков және Азамат Ерназаров жазған. Продюсері – Нұриддин Паттеев.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
23 октября 2026
Астанада Дидахмет Әшімханұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап таныстырылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өлкетанушы Ләззат Қажаеваның жазушы Дидахмет Әшімханұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәулелі ғұмыр» кітабының таныстырылымы өтті.

Кітап-альбомға қаламгердің өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен азаматтық ұстанымынан сыр шертетін фотосуреттер, туған-туыстары мен ауылдастарының естелік жазбалары енген.

Іс-шараны мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Сауытбек Абдрахманов жүргізді. Жиынға жазушылар, әдебиеттанушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесуде ақын Әлібек Қаңтарбаев, жазушы Әлібек Асқар, ақын Жанарбек Әшімжан және Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы қаламгер туралы естеліктерін ортаға салды. Жиынға қатысушылар Дидахмет Әшімханұлының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мен шығармаларының маңызы жөнінде пікір алмасты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

 

Мәдениет
23 октября 2026
Президент атынан мәдениет және ақпарат саласының өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды

Республика күні қарсаңында Астанада мәдениет және ақпарат саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Мемлекет басшысының атынан отандық мәдениет, өнер, әдебиет және медиа саласының дамуына елеулі үлес қосқан 62 азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.

Салтанатты рәсімде министр марапат иелерін құттықтап, мәдениет пен өнердің қоғамның рухани тұтастығын бекемдеудегі маңызын айрықша атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнерді дамыту, тарихи мұраны сақтау және сапалы ақпарат кеңістігін қалыптастырудың маңызын ұдайы айтып келеді. Себебі, бұл – қоғамның рухани дамуы мен ел болашағына қызмет ететін ортақ міндеттер», – деді Арман Қырықбаев.

Марапатталғандар қатарында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының және өзге де мәдениет пен өнер мекемелерінің өкілдері бар.

Сондай-ақ «Qazaqstan» телеарнасының, «Хабар» агенттігінің қызметкерлері және ардагерлері, «Balapan», «Abai TV», «Астана» телеарналарының, «Казахстанская правда» республикалық газетінің, ҚР Ұлттық кітапханасы мен ҚР Ұлттық музейінің өкілдері мемлекеттік наградаларға ие болды.

Рәсім соңында министр марапат иелерін Республика күнімен құттықтады. Арман Қырықбаев ұлттық мерекенің ел егемендігін айшықтап, халық бірлігін нығайтудағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ сала мамандарына көп жылғы адал еңбегі үшін алғыс айтып, зор денсаулық, бақ-береке, шығармашылық шабыт пен кәсіби табыс тіледі.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Азаматтық қоғам
23 октября 2026
Қазақстанда ҮЕҰ экологиялық бастамаларға белсенді түрде қатысып келеді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті Еуропалық Одақтың қолдауымен қолға алынған «ЭкоДиалог» жобасының таныстырылымына қатысты. Жоба азаматтық қоғам ұйымдарының әлеуетін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау ісінде мемлекеттік органдармен байланысын нығайтуға бағытталған.

Қазақстанда 5 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс істейді. Оның 200-ге жуығы экология мәселелерімен айналысады. 2026 жылы мемлекет қолдауымен экологиялық бағыттағы 60-қа жуық әлеуметтік жоба жүргізіліп жатыр. Соның 34-і «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын ілгерілету мақсатында қолға алынған.

Экологиялық волонтерлікке 100 мыңнан астам азамат қатысып, 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізді. Сондай-ақ қоғамдық кеңестердің қатысуымен абаттандыру, жасыл желекті күтіп-баптау және өзге де экологиялық мәселелер бойынша 75-тен астам көшпелі іс-шара өтті.

Алдағы жұмыста қоғамдық бақылауды дамытуға, жергілікті бастамаларды қолдауға және ауылдық жерлердегі ҮЕҰ-ның әлеуетін арттыруға басымдық беріледі.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
23 октября 2026
Астанада «Түркістан» екі томдық энциклопедиясы таныстырылды

Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының таныстырылымы өтті.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, түркітілдес бес елдің дипломатиялық миссиялары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Энциклопедияны әзірлеуге 2021-2025 жылдары 300-ден астам ғалым мен зерттеуші қатысты. Басылымды дайындау барысында 4 мыңнан астам тарихи атау мен ұғым зерттеліп, қайта өңделді.

Жобаның жетекшісі әрі бас редакторы – тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі, жауапты редакторы – филология ғылымдарының кандидаты Тұрдықұл Шаңбай.

Екі томдықта Түркістанның сан ғасырлық тарихы, түркі халықтарының мәдени мұрасы мен өркениетінің дамуы қамтылған. Басылым тарихи деректерді жинақтауға, жүйелеуге, сақтауға және түркі дүниесіне ортақ рухани мұраны зерттеуге арналған.

Таныстырылым барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының атынан Тұрдықұл Шаңбай мен Жандос Бәделұлына ҚР Президентінің Алғысын және төсбелгісін табыстады.

Сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова академиктер Дархан Қыдырәлі мен Әділ Ахметовке «Түркі мәдениеті мен мұрасының амбассадоры» құрметті атағын берді.

Тұрдықұл Шаңбай мен Turkistan.az ақпараттық порталының бас редакторы Ақыл Жамал да қордың алғыс хаттарымен марапатталды.

Жиынға қатысушылар энциклопедияның түркі халықтарына ортақ мұраны зерттеу мен сақтау ісіндегі ғылыми және мәдени-тарихи маңызын атап өтті.

Іс-шараны Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ұйымдастырды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
22 октября 2026
Ашхабадта қазақ мәдениетіне арналған фотокөрме ашылды

Түрікменстанның Ашхабад қаласындағы Ұлы Сапармұрат Түрікменбашы атындағы Бейнелеу өнері музейінде «Ғасырлар қойнауынан: фотосуреттердегі қазақ мәдениеті» атты халықаралық фотокөрме ашылды.

Көрмені ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Түрікменстандағы елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі ұйымдастырды.

Іс-шараға Ашхабад қаласындағы музейлердің басшылары, БҰҰ мен ЕҚЫҰ өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Көрменің негізгі мақсаты – Түрікменстан жұртшылығына XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін таныстыру және музей қорларында сақталған бірегей фотосуреттерді көпшілікке ұсыну.

Көрмеге этнографиялық сипаттағы 31 фотосурет қойылды. Фотосуреттерде қазақ халқының тұрмысы, қолөнері, кәсібінен бастап, ұлттық киімдері, әшекей бұйымдары, баспанасы, күнделікті қолданатын заттары мен дәстүрлі қару-жарақтары бейнеленген.

Фотокөрме 2026 жылғы 28 қазанға дейін жалғасады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Азаматтық қоғам
22 октября 2026
Үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты заң жобалары қоғамдық талқылауға шығарылды

«Ашық НҚА» интернет-порталында «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңдарына үкіметтік емес ұйымдар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жарияланды.

Құжаттар үкіметтік емес ұйымдарды дамыту мақсатында құқықтық негіздерді қалыптастыруға және мемлекеттік органдармен байланысын нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік бағдарламалар мен жобалардың тиімділігін күшейту және азаматтық бастамаларды қолдау көзделген.

Заң жобалары қабылданған жағдайда үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам құрылымдарының қызметін құқықтық реттеу тетіктері жетілдіріледі. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланыс нығайып, мемлекеттік қолдау шараларын және волонтерлік қызметті дамытуға жағдай жасалады.

Бұдан бөлек, цифрлық құралдарды енгізу және тиісті салалардағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақтылау қарастырылған.

Министрлік барлық мүдделі азамат пен ұйымды заң жобаларын қоғамдық талқылауға қатысуға шақырады.

Заң жобаларына сілтемелер:
https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15934318
⁠https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15934345

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Facebook
Instagram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы