Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобаларын әзірледі
Заң жобаларының негізгі мақсаты «Астана Хаб» технопаркі мен «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры негізінде бірыңғай ұйымдық экожүйені құру арқылы инновациялық қызметті және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру болып табылады.
Заң жобалары Қазақстан Республикасының азаматтық, кәсіпкерлік, бюджет және салық кодекстеріне, сондай-ақ Мемлекеттік мүлік туралы заңға, коммерциялық емес ұйымдар туралы, акционерлік қоғамдар туралы, халықтың көші-қоны туралы, халықты жұмыспен қамту, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, индустриялық саясат туралы, ақпараттандыру туралы, «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы тиісті өзгерістер енгізуді көздейді.
Ұсынылып отырған бастамалар жұмыс істеп тұрған даму институттары негізінде серпінді инновациялық жобалар мен перспективті IT-стартаптарды мемлекеттік қолдаудың бірыңғай экожүйесін іске қосуға, IT-саласын дамыту үшін қолайлы реттеуші жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ цифрлық трансформация есебінен мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.