Телекоммуникация және байланыс

Телекоммуникация және байланыс

Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның цифрлық трансформациясының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл саладағы басты міндет – халықтың сапалы мобильді байланыс пен интернетке кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету, цифрлық теңсіздікті азайту және деректерді жеткізудің заманауи инфрақұрылымын дамыту.

19 маусымда телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заңға енгізілген өзгерістер байланыс қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға, нарықты реттеу тетіктерін жетілдіруге және пайдаланушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Сала тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2026 жылдың қорытындысы бойынша байланыс саласына кемінде 500 млрд теңге инвестиция тарту күтілуде. Соңғы үш жылда салаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 1,3 трлн теңгеден асады.

Соңғы екі жылда Қазақстанда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 73,6-дан 93,4 Мбит/с-қа дейін өсті. Сонымен қатар интернет-трафик көлемі де артып келеді. Болжам бойынша, ағымдағы жылы оның көлемі 2024 жылғы көрсеткіштен екі еседен астам артады.

Интернетке кең жолақты қолжетімділікті дамыту

Қазақстанда 6 060 ауылдық елді мекен бар. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілерімен (ТОБЖ) қамту жұмыстары жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың соңына дейін 3 704 ауылды, яғни ауылдық елді мекендердің жалпы санының 61%-ын талшықты-оптикалық интернетке қосу жоспарланып отыр. Келесі жылы тағы 1 863 ауылға интернет жеткізу көзделген. Нәтижесінде талшықты-оптикалық желілермен қамту деңгейі 92%-ға жетеді. Қалған 8% шалғайдағы және қатынауы қиын елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету үшін спутниктік байланыс пайдаланылады.

Мобильді байланыс желілерін кеңейту

Ауылдық елді мекендерді мобильді интернетпен қамту деңгейі 84%-ды құрайды.

Байланыс желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, 3G стандартындағы базалық станциялар 4G стандартына ауыстырылып, қалалар мен ауылдарда бесінші буын 5G желісінің қамту аумағы кеңейтілуде.

2027 жылдың соңына дейін 3G желілерінен толық бас тарту жоспарланып отыр. Осы кезеңде 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нәтижесінде елдегі ауылдық елді мекендердің 92%-ы мобильді интернетке қол жеткізеді.

Тағы бір маңызды бағыт – автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамтамасыз ету. Республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым автомобиль жолын байланыспен қамту көзделген. Ол үшін 500-ден астам антенна-діңгек құрылысы салу жоспарланып отыр. Жұмыстарды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Тұрақты мобильді байланыс жоқ аймақтарды қамту

2024–2025 жылдары ел бойынша мобильді байланыс жоқ немесе сапасы төмен 1 052 учаске («ақ дақтар») анықталды. Оның ішінде 213 учаскеде әлі де тұрақты байланыс жоқ.

2026 жылы жоспарлы өлшеулер барысында осындай тағы 289 учаске анықталды. Оның 70-інде мәселе шешілді.

«Ақ дақтарды» азайту жұмыстары байланыс операторларымен бірлесіп жүргізілуде. Бұл ретте антенна-діңгек құрылыстарын қоса алғанда, инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану қарастырылған. Проблемалық учаскелердегі мәселенің шешілгені байланыс сапасын қайта өлшеу арқылы расталады.

2027 жылғы қаңтардан бастап еліміздің барлық ауылдық елді мекендерінде мобильді байланыс сапасын тексеру көзделген.

Спутниктік байланысты дамыту

Спутниктік интернет дәстүрлі телекоммуникациялық инфрақұрылымды тарту қиын шалғай және қатынауы күрделі елді мекендерді байланыспен қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі болып табылады.

Ағымдағы жылдың 1 қазанында халықаралық OneWeb және Starlink операторлары спутниктік байланыс қызметтерін көрсетуге лицензия алды.

Сонымен қатар Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп Direct-to-Cell технологиясы іске қосылды. Бұл технология спутник пен смартфон арасында тікелей байланыс орнату арқылы хабарлама жіберуге және интернетке базалық деңгейде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Android операциялық жүйесіндегі құрылғыларға қолдау көрсету іске асырылды, ал iOS құрылғыларын қолдау бойынша жұмыс жалғасуда.

2027 жылы Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO компанияларының Қазақстан нарығына шығуы күтілуде. Осылайша, алдағы уақытта Қазақстан нарығында ел аумағында жерүсті станциялары бар төрт халықаралық спутниктік оператор жұмыс істейтін болады.

Көлік және туристік инфрақұрылымды интернетпен қамтамасыз ету

Әуе және теміржол көлігін, туристік нысандарды және мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерін қоса алғанда, көлік және туристік инфрақұрылым нысандарында интернетке қолжетімділік кеңейтілуде.

Air Astana әуе компаниясының бір ұшағы OneWeb спутниктік интернетіне қосылды. Келесі жылы бұл шешімді тағы 20 ұшаққа енгізу жоспарланып отыр.

ҚТЖ-ның 1 500 жолаушылар вагонында Starlink спутниктік желісі арқылы Wi-Fi қызметі жұмыс істейді.

2026 жылы танымал 10 туристік орын интернетке қосылды. Келесі жылы тағы 50 нысанды интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған.

Барлық шекаралық өткізу пункттері талшықты-оптикалық байланыс желілері мен спутниктік желілерді қоса алғанда, интернетке қол жеткізумен қамтамасыз етілген.

Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту

Қазақстан деректерді халықаралық деңгейде жеткізу инфрақұрылымын дамытып, Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафиктің өңірлік транзиттік торабы ретіндегі позициясын нығайтып келеді.

Ағымдағы жылдың 15 қазанында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Жоба Каспий теңізі арқылы деректерді жеткізудің қосымша бағытын қалыптастырып, интернет-трафиктің халықаралық транзит мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Сонымен қатар Қорғас – Ақтау бағыты бойынша «Батыс – Шығыс» гипермагистралінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда маршруттың 87%-ы төселді. Құрылысты келесі жылы аяқтау жоспарланған.

Бұл жобаларды іске асыру халықаралық байланыс арналарының өткізу қабілетін арттыруға, деректерді жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Деректерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымын дамыту

Деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) дамыту елдің цифрлық инфрақұрылымының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Олар ақпаратты сақтау мен өңдеуді, мемлекеттік цифрлық жүйелердің, бұлтты сервистердің және жасанды интеллект негізіндегі шешімдердің жұмысын қамтамасыз етеді.

Соңғы үш жылда Қазақстанда бірнеше деректерді өңдеу орталығы пайдалануға берілді. Олардың қатарында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді орналастыруға арналған Астана қаласындағы мемлекеттік органдардың ДӨО-сы бар.

Инфрақұрылымды дамыту аясында Tier III және Tier IV халықаралық сенімділік деңгейлеріне сәйкес келетін деректерді өңдеу орталықтарын құру көзделген.

Мобильді интернеттің қолжетімділігі

Саланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі – телекоммуникациялық инфрақұрылымға инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайларды сақтай отырып, халық үшін байланыс қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Ағымдағы жылдың қараша айындағы рейтинг деректеріне сәйкес, Қазақстан байланыс жылдамдығы жоғары 55 елдің ішінде мобильді интернет құны бойынша 7-орында.

Елдегі мобильді тарифтің орташа құны айына шамамен 10 АҚШ долларын құрайды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (27 АҚШ доллары) үш есеге жуық төмен.

Интернет-трафик көлемінің жыл сайын артуы және 4G мен 5G желілерінің кеңеюі жағдайында халық үшін тарифтердің қолжетімділігі мен саланың инвестициялық тартымдылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.

Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытудың халықаралық көрсеткіштері

Қазақстан цифрлық даму саласындағы халықаралық бағалауларда оң динамика көрсетіп келеді.

БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту жөніндегі соңғы зерттеуінің қорытындысы бойынша Қазақстан алғаш рет 21 мемлекетті қамтитын ең жоғары рейтингтік топқа енді. Бұл топқа Оңтүстік Корея, Дания және Сингапур да кіреді.

Екі жыл ішінде Қазақстан 194 елдің арасында 24-орыннан 16-орынға көтерілді. Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту индексі бойынша ел 41-орыннан 13-орынға көтеріліп, 28 позицияға жақсарды.

Жаңалықтар

Барлық жаңалық

Оқиғалар күнтізбесі

Барлық оқиға

Іске асырылып жатқан жобалар

Бағыт бойынша барлық жоба

Жиі қойылатын сұрақтар

Барлығын көру

Интернеттің сапасына қатысты электрондық үкімет порталы арқылы немесе Өңіраралық байланыс инспекциялары атына не Министрліктің Телекоммуникациялар комитетіне қолма - қол ресми өтініш беру қажет, өтініште орын алған проблема, нақты мекенжай, байланыс операторы, өз байланыс деректері көрсетілуі тиіс.

Инспекциялар:

  • «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола, Қарағанды облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы» РММ
  • «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Алматы қаласы және Ақмола облысы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы» РММ
  • «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы» РММ
  • «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы» РММ
  • «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Қостанау және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы» РММ
  • «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы» РММ