Жиі қойылатын сұрақтар
2016 жылғы 6 сәуірдегі «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (№ 482-V ҚРЗ) 13- бабына сәйкес жұмысы және (немесе) табысы (кірісі) жоқ, лайықты жұмыс іздеп жүрген адам жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін тұрғылықты жерiндегі халықты жұмыспен қамту орталығына тікелей не "электрондық үкіметтің" веб-порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеле аласыз.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» № 246 Заңына сәйкес, табыстары облыста бекітілген кедейлік шегінен төмен отбасылар үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыспен қамту орталығына, орталық болмаған жағдайда кент, ауылдық округ әкімдігі арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін өтініш білдіруге болады.
Жүгіну барысында отбасының табыстарын алдын-ала есептеу, отбасының жұмысқа қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту және өзге де әлеуметтік бейімдеу шараларына қатыстыру мәселелері бойынша кеңес беру және өтініш қабылдау жұмыстары жүргізілетін болады.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабының 1-тармағына сәйкес, мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй, барлық қажеттi құжаттармен бірге өтiнiш берiлген кезден бастап тізімде белгіленген кезек ретімен беріледі.
Сондай-ақ, аталған баптың 3-тармағына сәйкес, тізімдерге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжай алуға осы тізімдерге енгізілген басқалар алдында, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын, жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарды, көпбалалы отбасыларды қоспағанда, ешкімнің де басым құқығы болмайды.
Тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтардың кезек реттілігі бұл бағыттағы жұмыстардың ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігінің (www.kyzylorda.gov.kz) веб-сайтына әр ай сайын толықтырулармен ұдайы жаңаланып, орналастырылады.
ҚР Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқықтарының өздеріне берілуіне мүдделi жеке және заңды тұлғалар жер учаскесi орналасқан жер бойынша жергiлiктi атқарушы органына өтiнiш бередi. Өтiнiште: жер учаскесiн пайдалану мақсаты; оның болжамды көлемi; орналасқан жерi; сұралып отырған пайдалану құқығы; басқа жер учаскесiнiң болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс делінген.
Сондай-ақ, ҚР Жер кодексінің 44-1 бабының 8-тармағына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері (қолдаухаттары) арнайы есепке алынатындығы және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылатындығы көзделген.
Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер алу кезегіне тіркелген азаматтардың кезек реттілігі туралы ақпараттардың ашықтығы және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігінің (www.kyzylorda.gov.kz) веб-сайтында жаңаланған тізім орналастырылатынын мәлімдейміз.